Атырауда Жайық іргесінде қоныстанған ауыл халқы ауыз суға зәру. Махамбет
ауданының Ескі Сарайшық елді мекені тұрғындары суды көлікпен тасып ішеді. Ауылға былтыр ғана «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында тәулігіне 150 текше метр су
тазарту қондырғысы пайдалануға берілген.
Құны 303 млн теңге тұратын қондырғының
жұмысынан тоқтағаны көп. Сондықтан халықтың қуанышы ұзаққа бармай, қайтадан
тасымал су тұтынуға мәжбүр боп отыр. Оның өзі қымбат: әкімдік бір көлік суды 2
мың теңгеге сатып отыр дейді жұртшылық.
Ғалия Сұлтанғалиева, Ескі Сарайшық елді мекенінің тұрғыны:
Бұған дейін Сарайшық тұрғындары суды счетчикпен төлеп келдік, 400 теңге
шыға ма, 500 теңге шыға ма, төлеп келдік. Екі ортада үзді де, водовоз шықты.
2000 мыңнан халыққа су құйғызды. Бер жағында Ақбұлақты жауып тастады. Айына екі
рейс құйдырамыз, 4 мың теңгеге.
Тұрғындар су тазарту қондырғысы орнатылғанша, Жайық суын 1500 теңгеге
құйғызып келіпті. Енді су тазарту қондырғысы орнатылған соң, әкімдіктің өзі
қалаған бағасын қойып отыр дейді наразы топ. Ал әкімдіктегілер болса, жағдай су
тарифі реттелген соң ғана шешіледі деп алаңсыз отыр.
Әділбек Зайдуллин, Махамбет ауданы әкімінің орынбасары:
Қазіргі уақытта антимонопольный комитетпен тариф бекіту бойынша жұмыстар
жүріп жатыр, тариф тамыз айының аяғына дейін бекітіледі деп отырмыз. Егер де
бекітілген жағдайда, барлық Ескі Сарайшық ауылындағы үйлерді сумен қамтамасыз
етеміз.
Базаргүл ІЗІМОВА