Қызылжарда тұрғындардың кесірінен көпір құрылысы баяулап кетті. Тура жолмен
әрлі-берлі жүрген жұрт құрылысшыларға кедергі келтіріп жатыр. Еске
салайық, темір жолдың үстімен өтетін автокөлік көпірі шілдеде жаңғыртыла
бастады. Қала мен шағын ауданды қосатын нысанның жөндеуді көрмегеніне жарты
ғасырдай уақыт болған. Құрылыс жұмыстарына байланысты жолаушылар тасымалдайтын
автобустардың бағыты да өзгерді. Жаңа ережеге сәйкес олар енді айналма жолмен,
қосымша 20 шақырым жүруі тиіс.
Алайда тұрғындардың көбі қоғамдық көліктермен
емес, темір жолды кесіп өтетін тура жолмен қатынауды жөн көреді. Бұқара
мердігерлердің наразылықтарына міз бақпағасын, іске полицейлерге араласуға тура
келді. Рейд жұмыстарын қолға алған тәртіп сақшылары бастапқыда ауызша ескерту
жасайды. Ал құлақ аспаған тұрғындарды әкімшілік жауапқа тартады.
Серікбай Омаров, Петропавл станциясындағы ішкі істердің желілік бөлімі
әкімшілік полициясының аға инспекторы:
ҚР әкімшілік құқық кодексінің 439 бабының 5-бөлімі бойынша белгіленбеген
тыйым салынған теміржол желілер арқылы өткен тұлғалар әкімшілік жауапқа
тартылады. Оларға айыппұл салынады, не болмаса, ескерту жасалады. Құрметті қала
тұрғынадары, өз өмірлеріңізді қауіп қатерге төндірмей, теміржол вокзалы
жанындағы көпірмен өтуді сұраймыз.
Абзал ҚҰРМАНКИН