$542.03 €627.29 ₽6.66
×

Әкім поэзияға қарсы ма?

AstanaTV
15.08.2014ж. 20:00
3195
Әкім поэзияға қарсы ма?

«Мөп-мөлдір көздің қарасын Тараздан ғана табасың!». Осылай деп жырлаған орта ғасыр ақыны Фирдоусидің өлеңі 10 жылдан бері Тараздың батыс қақпасында жазылып тұратын. Жуырда өткен айтыстан соң, Шығыс ақынының шумағы кіреберіс маңдайшадан алынып тасталды. Оған себеп, маусым айында Таразда өткен айтыста шымкенттік Біржан Байтуов «Жамбылдың қыздарын жарнамалап тұрғандай» деген сын сөзі әсер етіпті. Ал жергілікті тұрғындар аймақ басшысымен келіспейді. 


Даудың басы маусымның аяғында өткен айтыстан басталған еді. Облыс әкімі өзі ашқан айтыста Оңтүстік Қазақстан облысының ақыны Біржан Байтуов пен тараздық Әсет Дүйсебаев бақ таластырған. Ә дегеннен қыспаққа алмақ болған мейман, Тараздың батыс қақпасында жазылып тұрған Фирдоусидің сөзін, «қыздарыңды жаман жағынан жарнамалап тұрғандай» деп сынай салды.

Ал ақынның сөзін ақыл көрген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев орнынан тұрып, Біржан Байтуовқа бүткіл көрермен көзінше уәде де берді. Тіпті, сахнаға шығып, аталмыш өлең жолын алып таста деп,  бірден қала әкіміне тапсырма берді.

Осылайша айтыс үстінде берілген тапсырма, сөзсіз орындалды. Оның орнына Тараз қаласының тарихы ілінді. Алайда жергілікті халық Фирдоусидің сөзінен кінәрат тапқан әкімнің әрекетін әділетсіз деп отыр.

Мен Әзірбайжанның Баку қаласынанмын. Шығыс поэзиясын сүйіп оқимын. Сіздердің әкімдеріңізге мұндай шешім шығармас бұрын, Шығыс әдебиеті мен тарихын дұрыстап оқып білсе, деймін. 

Ол өлеңде қазақ қыздарының сұлулығын паш етіп, айтып тұр.


Тіпті бұл тақырып әлеуметтік желілерде қызу талқыға да түскен.  Ал облыстың ішкі саясат басқармасының бастығы халық наразылығымен  келіспейді. Бұл мәселе айтысқа дейін де айтылып келген еді деп шаң жуытпады.

Рахия Тұрмаханбетова, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының бастығы:

Қатып қалған еш нәрсе жоқ қой. Ауысып тұрса, талай әдемі сөздер бар. Енді мүмкін біреуге ол да ұнамауы мүмкін. Бірақ бір ақын айтты екен деп, мұны өзгертті деген пікірден аулақ болу керек. Бұл пікір бұған дейін де болған, бұған дейін де ақылдасып жүргенбіз, зиялы қауымдар бар. Әкім тапсырма берді, әкім бергеннен кейін де, бұған дейін де зерделеніп келген сұрақ.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Шығыс шайырының шумағы мына маңдайшаның тақтасында талай жылдар тұрды. Алайда айтыстың алаңында талқыға түсіп, анайы мағына білдіріп тұр деген баға берілді. Ақыры алынып тасталды. Бұған наразы тұрғындар поэзияның парқын түсінбеу деп ұғады. Ал жергілікті биліктегілер жыр жолдарын жетімсіретпей,  махаббат аллеясына ілеміз деп отыр.