$524.75 €540.6 ₽5.12
×

Құрылыс саласында пайда болған "Әл-Баракатқа" қатысты баспасөз жиыны өтті

AstanaTV
18.08.2014ж. 20:00
1441
Құрылыс саласында пайда болған "Әл-Баракатқа" қатысты баспасөз жиыны өтті

"Әл-Баракат" құрылыс компаниясына жалған жала жабылып, мемлекеттік органдар тарапынан қысым көрсетілуде. Бүгін журналистермен кездесуде компанияның бас директоры Бақытжан Тойымбетов осылай деді.

"Бүгінде серіктестіктің иелегінде Ақмола облысы және Тараз қаласында 40 гектар жер телімі бар, сондай-ақ компанияға 20 миллион доллар көлеміндегі активтер мен құны 2 миллион долларды құрайтын түрлі техника мен мүлік тиесілі. Мемлекеттік органдардың компанияға айып тағулары себепсіз. "Бұл "қара пиар" деп есептейміз", - деді "Әл-Баракат" басшысы.

Бақытжан Тойымбетов, "Әл-Баракат COMPANY" ЖШС инвестициялық-құрылыс компаниясының басшысы:

Біз қалалық басшылықпен бірлесе қызмет атқарғымыз келеді. Бізге ақпараттық соғыстың қажеті жоқ. Олардың апта сайынғы шақыруларына компания өкілдері уақытылы барып тұрады. Барлық құжаттарды көрсетіп, беріп отырмыз. Тағы да айтамын, біздің серіктестік инвестициялық компания болып табылады. Сондықтан біз барлығына ашықпыз. Оның ішінде үлескерлерге де.

Ал елордалық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшылығы "Әл-Баракаттың" құрылыс рұқсаттама құжаттары жоқ екендігін алға тартуда. Басқарма басшысының орынбасары Гүлжан Кивенованың айтуынша, компания бүгінге дейін үлескер жұртшылықтың қаражатын пайдаланып қызмет атқарған. "Алайда "Әл-Баракат" компаниясының бұндай әрекетке заңды құқықтары жоқ", - дейді Гүлжан Кивенова.

Гүлжан Кивенова, Астана қаласы сәулет және құрылыс басқармасы бастығының орынбасары:

Құжаттары бар болса, құжаттарын көрсетсін. Мен әкімдіктің атынан айтып отырмын. "Шаржа" және "Прага" деген үйлердің құрылысына "Әл-Баракатқа" рұқсат берілген жоқ.

Айта кетейік, «Әл-Баракат» компаниясы «арзан бағамен баспана салып береміз» деп мыңдаған адамнан ақша жинаған. Алайда уәделері көпке созылып кеткендіктен, үлескерлер қалалық әкімдікке шағымданған. Бұдан кейін елорда әкімдігі өзінің ресми сайтында «тірлігі күмәнді компаниядан абай болыңыздар!» - деген хабар таратқан. Мәселенің ақ-қарасын енді ішкі істер органдары анықтайтын болмақ.

Жұрағат БАМАН