$524.75 €540.6 ₽5.12
×

Жанармай құю бекеттеріндегі қарбалас жасанды ма?

AstanaTV
18.08.2014ж. 20:00
2694
Жанармай құю бекеттеріндегі қарбалас жасанды ма?

Бензин тапшылығы Қызылжарға да жетті. Енді сұйық отынды кей жанармай құю бекеттерінде 20 литрден немесе талонмен ғана сатып алуға болады.  Қарбаластың салдарынан станциялардағы темір бөшкелер босап, жұрт алаңдауға көшті. Алайда билік өкілдерінің ақпаратына сенсек, облыс сұйық отынмен жеткілікті мөлшерде қамтылған. "Тамыз айында жанар-жағармайға берілген тапсырыс уақытында орындалып жатыр", - дейді кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы.

Еркебұлан Каменов, СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

Бензин тасымалдайтын «Сауд сол» және «Петросан» компаниялары тамыз айына жоспарланған сұйық отынның 8 мың тоннасын келісімшартқа сәйкес әкеліп жатыр. Тапшылық тек "Эталон" және "Бахыт" станцияларында байқалады. Ал қалғандарында бензин жеткілікті, ұзын-сонар кезектер көрінбейді.

Жанармай тапшылығы Батыс Қазақстан облысында да байқалып отыр. Сондықтан жергілікті билік жанармай сатушы компаниялардан жағдайды ушықтырмауды сұрап отыр. Тіпті кәсіпкерлермен өткен жиын барысында да осы мәселе кеңінен талқыға түсті. Мамандар дерегінше, қазір қалада бензин мен дизельді отын қоры жеткілікті екен.

БҚО энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының дерегінше, АИ-92 маркалы бензиннің 600 тоннасы, ал АИ-80 маркалы бензиннің 742 тоннасы бар. Ал дизельді отынның қоры 1000 тоннаға дейін жетеді. Жекелеген жанармай стансаларында бензин жеткізушілермен арадағы келісімге сай, талонмен босатылуда. Дегенмен, қаладағы ірі жанармай құю стансаларында ғана жанармайдың халық сұранысына ие түрі еркін сатылуда. Ал шағын жанармай құю стансалары қаңырап бос тұр.

Мұрат Бәйменов, БҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

Қазір облыстағы жағдай тұрақты. Жанар-жағармай операторларына бензин тапшылығына жол бермеу туралы өтініш түсірдік. Өйткені бензин тапшылығын байқаған халық арасында үрей туады. Қазір АИ-92 маркалы бензин бағасы 115 теңге, АИ-80 - 88 теңге, ал дизель отыны - 115 теңге. Баға қымбаттамайды.

Жалпы, жанармай құю бекеттеріндегі қарбалас жасанды ма, әлде бензин шын мәнінде тапшы ма, бұны монополияға қарсы инспекция өкілдері де анықтай алмауда. Шындыққа көз жеткізуге мораторий қол байлау болып тұр.

Арман Өтегенов, СҚО бойынша монополияға қарсы инспекцияның жетекшісі:

Облысты жанармаймен қамтып жүрген операторлардың үшеуі ірі болғасын, біз олардың ісін бәсекестікті қорғау заңы бойынша қадағалаймыз. Қазір мораторий жарияланып, біздің  мүмкіндігіміз шектеулі болып қалды. Дегенмен, компаниялардың кінәсі дәлелденсе, олардың мүлкі тәркіленеді немесе теріс әрекеттің арқасында тапқан табыстарының 5-10 пайызын олар ел қазынасына төлеуі тиіс. 

Абзал ҚҰРМАНКИН