$525.11 €546.74 ₽4.88
×

Павлодарда нанның жаңа бағасы кешке дейін ғана сақталды

AstanaTV
19.08.2014ж. 20:00
1175
Павлодарда нанның жаңа бағасы кешке дейін ғана сақталды

Кеше ғана Павлодарда бірден 10 теңгеге қымбаттап кеткен әлеуметтік нан бағасы, бүгін қайта қалыпқа келді. Дүкен сөрелерінде 60 теңгеден саудаланған әлеуметтік нан, 50 теңгеден сатылып жатыр. Бұған жергілікті әкімдік пен «Павлодар нан-тоқаш комбинаты» жасасқан өзара келісім себеп болған.

Аталған кәсіпорын басшылары біздің арнаға берген сұхбатында бағаның құбылуына не түрткі болғанын баяндады. Олар  жанар-жағармай, шикізат және қызмет көрсету құнының аспандап кетуі нан бағасына әсер еткенін түсіндірді. Төмен еңбекақы, әлеуметтік төлемдердің дер кезінде аударылмауы және қолданыстағы құрал-жабдықтардың ескіруі де мәселені ушықтырған.

Дегенмен, наубайхана 2012 жылдан бері әлеуметтік нанның бағасын бір қалыпта ұстап келді. Кәсіпорын 47 теңгеден босатқан бөлке, сауда сөрелерінде 50 теңгеден сатылған-ды. Қаржылық директор Вячеслав Юдин бұл ахуал жалғасын тапса, комбинатты екі айдан соң жауып тастауға болатынын жасырмады. Сондықтан кәсіпкерлер облыстық әкімдікте болған шұғыл жиында өзіндік талап-шарт қойған. Нәтижесінде жергілікті билік қазанның 1-не дейін кәсіпорынды арзандатылған ұнмен қамтуы тиіс. Ал наубайхана өз кезегінде бағаны сақтап тұруға уағдаласты.

Вячеслав Юдин, «Павлодар нан-тоқаш комбинаты» ЖШС қаржылық директоры:

Шындап келгенде, нан өндірісі қайтарымды болу үшін, ұнның бір келісі 110-112 теңге тұруы тиіс. Яғни бір бөлке нан 60-62 теңгенің арасында. Бұл наубайханадан босатылатын өнімнің құны.

«Павлодар нан-тоқаш комбинаты» әлеуметтік нанның бағасын осымен екінші мәрте көтеруге әрекеттенуде. Үстіміздегі жылдың 20 маусымында негізгі ас бірден 15 теңгеге қымбаттап кеткен болатын. Алайда ол жолы да жергілікті билік араласып, бағадағы құбылыс бір тәуліктен соң қалыпқа келді.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ