$525.11 €546.74 ₽4.88
×

Таразда орталық базар саудагерлері шағын базарларды жабуды талап етуде

AstanaTV
19.08.2014ж. 20:00
2903
Таразда орталық базар саудагерлері шағын базарларды жабуды талап етуде

Таразда шағын базарларға қарсы майдан басталды. Тұрғындар қалада жайма базарлардың қаптап кеткеніне наразы.  Бұқараның айтуынша, бей-берекет орналасқан сауда орындарынан аттап аяқ басу қиын. Көлік те осы сауда нүктелері қасында кептеледі. Ал жаңадан ашылған қала шетіндегі орталық базарға ешкім бармайды. Үлкен базардың саудагерлері де кәсіптің жүрмеуін қаланы жаулап алған жайма базарлардан көріп отыр. Данияр Әлімқұл тақырыпты толықтырады.

Бұл дау осыдан екі жыл бұрын, ескі базарда басталған болатын. Жергілікті билік «көне базар астында көмбе жатыр» деп, сатушыларды шаһар шетіне көшіруге  шешім қабылдады. Алайда нәпәқасын саудадан тауып жүргендер бұған көнбей біраз уақыт қарсылық білдірді. Сол кезде қалада ұзын саны 30-дан асатын сауда орындары самсап кетті. Жергілікті халық шағын базардың жаңбырдан кейінгі саңырау құлақтай қаптап кеткеніне наразы.

Болашағы бар базар енді орталық базар ғой.

Енді орталық базар деген орталық базар боп қалуы керек. Көп, әр жерде бір базар.

Тараз бойынша қанша, 30 базар ашылды дейді. Меніңше, бұлай болмауы тиіс.

Қаржы бөлініп, орталық базар ашылғанымен, онда қазір сауда жоқ. Саудагерлер осылай деді. Олар банкрот болудан қауіптеніп отыр.

Бізге көңіл бөлуді талап етеміз. Екі жыл болды отырғанымызға, сауда жоқ. Ақшамыз желге ұшып, банкрот болдық десек болады. Мұндағы адамдар адам емес пе? Киров базары орталық базар дейді. Қайдағы орталық базар? Ешкім келмейді,  елеусіз арал сияқты. Қала әкімдігі не бітіріп отыр? Ұсақ-түйек сауда орындарын қаптатып қойып, қарап отыр. Шара қолданбайды.

Қала әкімдігі аттай қалап, орталық базар салғанымен, оңған істің болмай тұрғанын базар басшылығы да жоққа шығармады.

Базарбай Шақкөзов, Тараз қаласындағы «Орталық базардың» бас бақылаушысы:

Мынау әкімшілік базар салсын деді. Бір базар болсын деп 1, 5 миллиард ақша бөлген. Енді бізде 22 мың адамға орын дайындалды. Сол енді  бізге әкімшіліктен қала, облыс әкімі көмек берсе екен. Бізге керегі - халық.

Ал әкімшіліктегілер әлі күнге әліміз келмей жатыр деген сыңай танытты. "Базарларды бір жерге топтастыру идеясы болғанымен, бірден тиянақтап тастауға уақыт керек", - дейді.

Самат Үрпеков, Тараз қалалық әкімдігіне қарасты сауда бөлімінің бастығы:

Мен енді барлық базар қазір толық 100% дайын, әдемі деп айта алмаймын, Мысалы, санитарлық талаптарға сай деп. "Береке" төңірегінде бар. Сол жерде де біраз базарлар бар. Біреуінің құжаты бар, біреуінде жоқ. Сол бойынша зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. Қаланың ішінде де ретсіз, қызыл сызықта тұрған базарлар кездеседі.

Ал алдағы күндері атқамінерлер сауда орындарының талаптарын тексермек. Санитарлық тазалығы мен сатуға тиісті заттарының да рұқсатын сұрамақшы. Ол тексерулер бойынша базарларға 1-ші, 2-ші және 3-ші  дәрежелер беріледі екен. Ал кейбіреулеріне 3-ші  дәрежедегі баға берілсе, жабу жұмыстары жүргізіледі. Әзірге бұқара бытырадай шашыраған базарларға бара бермек. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ