Шымкенттегі офтальмологиялық аурухана дәрігерлері денсаулық сақтау департаментінің бұйрығына наразы болып отыр. Құжатқа сәйкес көз ауруларын емдейтін медициналық мекеменің балалар бөлімі 1 қыркүйектен бастап түгелдей облыстық балалар ауруханасының қарамағына көшірілуі тиіс екен.
Көз ауруханасында жыл сайын кемінде үш мыңнан астам науқас емделеді. Екі жарым мыңдай жанның жанарына ота жасалады. Медициналық мекеме басшылары ересектер мен балалар бөлімін бөліп тастау қалыптасқан жүйенің бұзылуына әкеп соғады дейді. Отыздан астам білікті дәрігердің жетеуі орын ауыстыруға мәжбүр. Бұдан бөлек медбикелер тағы бар. Сондай-ақ, талай жыл армандап қол жеткізген заманауи құрал-жабдықтар да бөліске түсетініне қиналады.
Шәріп Мамраимов, ОҚО офтальмологиялық ауруханасының бөлімше меңгерушісі:
Бұл аппаратты, біріншіден, балалар дәрігерінің ішінде ешкім білмейді, бұл аппараттың тәсілін. Сондықтан бұл аппарат қалады. Ана жаққа барып керек болған жағдайда, онда ана жақтағы балаларды бұл жерге әкелуге тура келеді. Екі жолда не болды «атқа жемді кім салар» дегендей, екі больницаның арасында жүріп, ем сұрап келген бала көзінен де айрылуы мүмкін.
Ал денсаулық сақтау саласы басшылары болса, бұл үкімет қаулысына сәйкес жасалып жатқан қадам дегенді көлденең тартты. Бұл бастаманың пайдасы болмаса, еш зияны жоқ деген сенімде. Айтуларынша, көз ауруларынан бөлек эндокринологиялық және кардио-хирургиялық ауруханалардың да балалар бөлімі бір жерге шоғырланады. Ал бұдан ешбір маман зиян шекпейді. Құрал-сайманның да балаларға тиесілісі ғана бірге әкетіледі деді.
Салтанат Жабағиева, ОҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Балалар
ауруханасында қазіргі таңда балаларға толық көмек көрсететін маманның бәрі шоғырланған. Яғни педиатр,
реаниматолог, кардиолог, пульманолог, офтальмолог барлық мамандар бір жерде
болады деп шоғырланып отыр. Міне сол есеппен облыстық балалар ауруханасы да
салынған болатын.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ