Оралда қаржы полицейі алаяқтығы үшін 7 жылға сотталды. Облыстық экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің сотқа дейінгі өндіріс бөлімінің бұрынғы басшысы Қуаныш Исмұрзин қылмыстық іске дәлел болатын ақшалай айғақты жымқырғаны үшін айыпталған.
Қалалық қылмыстық сот таратқан ақпаратқа сүйенсек, тергеу барысында анықталғандай, ол ақша сақтауға тапсырылған банктен айғақ қаражатты алмақ болады. Бірақ неге екені белгісіз, алуы тиіс 955 мың теңгенің орнына, басқа бір қылмыстық істегі айғақ ақша ретінде сақталған 10 миллион 790 мың теңгені алып кетіпті.
Кейін тергеу кезінде Исмұрзиннің қомақты соманы алғаннан кейін, әуелі үйіне барып, кейін 955 мың теңгені "Қазпошта" бөлімшесі арқылы мемлекетке тапсырып, түбіртегін алғаны анықталған. Тергеу органдары күдіктіге артылып қалған 9 миллион теңгені қалтасына басты деген айып таққанымен, ол өз кінәсін мойындамады. Дегенмен, оны сот кінәлі деп 7 жылға жаза кесті, сондай-ақ, дүние-мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарды. Майор шенінен айрылған полицей марапат наградаларымен қатар, мемлекеттік органдарда 3 жылға дейін жұмыс істеу құқынан айрылды.
Тамара
Сәрсенова, мемлекеттік айыптаушы:
Тергеу
кезінде табылған дәлелдемелердің бәрі толық қуатталды. Сондықтан да, мына
жан-жақты зерттелген материалдар құжаттарының жиынтығымен осындай үкім шықты.
Үкімді заңды деп санап отырмыз, негізді деп санап отырмыз және іске қатысқан
прокурордың да позициясы осындай болды.
Еркін ҚАРИН