Шымкентте
екі мыңнан астам оқушысы бар мектеп жаңа оқу жылы басталар шақта өз
шәкірттерін өзге мектептерге аттандырып жатыр. Себебі - күрделі жөндеу
жұмыстары уақытылы аяқталмаған Белгілі болғанындай, 150 млн теңгеге
жоспарланған құрылыс жұмыстары сот шешімімен тоқтатылған екен. Дәл оқу жылы
қарсаңында басталған қарбаластың себеп-салдарын әріптесім Айзада Төребекқызы
анықтауға тырысты.
Сабақтың
басталуына санаулы ғана күн қалғанына қарамастан сынып бөлмелерінің көрінісі -
осы. Дәл қазір мұнда парталар қойылып жатуы тиіс еді. Бірақ көріп тұрғанымыздай
құрылыс жұмыстары әлі аяқталмаған. Терезерлер енді ғана ауыстырылған. Ал
есіктің орны үңірейіп бос тұр.
Бұл
- Шымкенттегі № 46 мектеп-лицейі. Екі мыңнан астам оқушы оқитын білім ошағы
оқушыларды қабылдауға әзір емес. Мұнда құрылыс жұмыстары, әрлеуден әрі аспаған.
Қабырғалар енді ғана сыланып жатыр. Білім ордасының өкілдері 1987 жылы пайдалануға берілген мектепке
бұйырған бұл алғашқы күрделі жөндеу жұмысы екенін айтты. "Бірақ мүйіз сұраймын
деп, құлақтан айырылдының кері келгендей, болып отырмыз", - дейді.
Қайрат
Есен,
Шымкент қаласындағы № 46 мектеп-лицей директорының шаруашылық жөніндегі
орынбасары:
Біздің
мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталмауына байланысты, біз екі мыңнан аса
оқушыны төрт мектепке бөліп жатырмыз. Екі мектеп өзіміздің районда, жақын
жерде. Және ұзақ мектептерге мемлекет өзі көлікпен қамтамасыз етіп жатыр. Осылай 1-тоқсан сол
жақта оқимыз деп жатыр.
Оқушыдан
бөлек 150-ге жуық мұғалім де сандалатын
болды. Одан бөлек, мектептің парта, тақта секілді керек-жарағы да көшіріліп
жатыр. Жарияланған тізімде қай сыныптың
балалары қай мектепке баратыны жазылыпты. Бұл жаңалық бәрінен бұрын
ата-аналарға жақпай отыр. Қатынап оқудың өз қиындығы бар.
Дания
Халиулин:
Бұл
46-мектепте үш немерем оқиды. Үш немеремді үш жақа алып бару керек. Көлікпен
барғанның өзінде де, қанша уақытты алады. Ремонт майда басталды. Қазір әлі
жартылай да жоқ ремонты. Білмеймін, екі-үш айда біте ме, жоқ па.
Дегенмен,
тендерді жеңіп алған мердігер компания қазір құрылысты қызу жүргізіп жатыр.
Айтуларынша, өз қаржыларына. Өйткені
мектептің жарты бөлігін мамырда бұзып үлгерген екен.
Төреғали
Әбдіәзимов, прораб:
Май
кезінде бұзып тастағанбыз шатырын. Жауын-шашынның уақытысы кеп қалды. Шатырды жауып жатырмыз. Барлығы өзіміздің осы «Ақнұр-стройдың» қаржысымен
істеліп жатыр. Ақша бөлінсе, құдай қаласа, осы октябрьлерде бітіріп береміз.
Білім
бөліміндегілер жөндеу жұмыстарының бұлайша созылуына негіз бар дейді.
Құрылысты жүргізуге жарияланған тендер кезінде ұтылып қалған бір компания
тендер әділ өтпеді деп сотқа шағым түсіріпті. Осылайша бірдің кесірі мыңға тиіп
отыр. Нақты мердігер әлі анықталмаған. Істің нақ кімнің пайдасына шешілері әлі анық емес дейді білім бөліміндегілер.
Пазылхан
Асауов,
Шымкент қалалық білім бөлімі басшысының
орынбасары:
Соттың
шешімі бойынша, шағымданушы мекеме тарапының пайдасына шешіп берді. Ал
«Ақнұр-строй» өзінің несін қорғау үшін қайтадан апелляциялық шағым жасады.
Апелляциялық шағымда тағы да ұтылып қалды, "Ақнұр-строй" компаниясы. Ендігі жерде
қазір кассациялық шағым түсіріп жатыр.
Айта
кетейік, Шымкентте биыл бұдан бөлек 28 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары
жүргізілген. "Өзгелерінде қиындық жоқ", - деді білім бөлімі. Айтпақшы, жергілікті
білімге жауаптылар бір балабақшаның да жөндеуі тап осындай мердігерлердің
наразылығына байланысты сот шешімімен тоқтап тұрғанын хабарлады.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ