Бүгінде
көптеген қазақстандықтарды зейнетақы жинақтау қорында қалыптасқан жағдай
алаңдатады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылғанына бір жылдан асса
да, халықтың басым бөлігі оның жұмысы туралы толық ақпараттан хабарсыз. Активтерді кім басқаратыны, жинақтың қайда
инвестицияланатыны және зейнетақы
қорларын қосқан кезде ақшаның белгілі бөлігі жоғалып кетпей ме деген сауал
мазалайды. Осы және өзге де сауалдарға Қаржы клубында өткен пікірталаста жауап
берілді.
Қаржылық
пікірталас клубында бұрын соңды мұндай аншлаг болмаған. Кәсіпкерлерден бастап,
қарапайым жұмысшыларға дейін жеке
зейнетақы қаржысы туралы көкейде жүрген көп сауалға жауап алуға асықты.
Жиналғандарды қызықтырған ортақ сауал: "Зейнетақы қорындағы қаржыны кім және
қайда жұмсайды?" "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ басқарма
төрағасының орынбасары Руслан Ерденаевтың айтуынша, қор коммерциялық ұйым емес
және оның негізгі міндеті - зейнетақы жинағының тұрақты артуы мен сақталуын
қамтамасыз ету. Ал активтерді еліміздің Ұлттық банкі басқарады деді.
Руслан
Ерденаев, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы
қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Инвестициялаудың
негізгі нысандары - мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың құнды қағаздары,
екінші деңгейлі банктердің депозиттері
және шетелдік эмитенттердің құнды қағаздары.
Ақпанда
валютаға енген түзету де назардан тыс қалмады. Салымшылар жинақтарының айтарлықтай бөлігінен айырылып
қалудан қорқатындарын жасырмады. Алайда Руслан Ерденаев ол жағдай зейнетақы
жинағына, керісінше оң әсер етті деп
сендірді. Шетелде АҚШ валютасымен сақталған жинақтың бір бөлігі пайда әкеліпті.
Қазір Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 10 миллионға жуық салымшысы бар. Ал
актив көлемі - төрт триллион 200
миллиард теңгені құрайды.
Айта кетейік,
зейнетақы жинағы туралы аймақтардағы 220 қызмет ету орындарынан, сондай-ақ қор мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының
сайттарынан білуге болады. Ерденаев сонымен қатар зейнеткерлікке
уақытынан бұрын шығуға болатынын да еске салды.
Руслан
Ерденаев, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы
қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Ерлер
55, ал әйелдер 50 жасында зейнеткерлікке шыға алады. Бірақ жинақ қаржысы жеткілікті болуы керек. Ол үшін
ерлер 5 миллион, ал әйелдер 7 миллон теңге
жинауы шарт. Олар өз жинақтарын
зейнеткерлік аннуитет жасақтау арқылы сақтандыру ұйымдарына аудара алады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры төрағасының орынбасары әлеуметтік қамсыздандырудың
жаңа нормалары туралы да тілге тиек етті. Айтуынша, 2018 жылдан бастап әрбір
жұмыс берушіге өз қаражаты есебінен қызметкерінің табысына бес пайызы аударуға
міндеттеледі.
Руслан
Ерденаев, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы
қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Жинақтар шартты болып табылады, жүйеге қатысушының меншігі болып саналмайды, мұраға
қалдырылмайды, бірақ өмір бақи төленеді. Яғни бұл жүйеде үлестіру қағидасы қолданылады. Зейнетақы төлемдері өмір бойы
жүргізіледі. Оның көлемі бес пайыздық жарнаның толық және әрқалай өтелуіне, сондай-ақ еңбек өтіліне байланысты
болады.
Ал
зейнетақы қорларының біріктірілуінен ақша жоғалып кетпей ме деп
күмәнданатындарға Руслан Ерденаев жинақ есебінің көшірмесін алуға болатынын
айтты. Алдағы қыркүйектен бастап
салымшыларға 2013-2014 жылдардың жинағы туралы деректің көшірмесі беріле
бастайды. Сонда ескі есеп-шоттағы қаржының жаңа қорға толық аударылғанына көз
жеткізуге болады деді.
Базаргүл
НӘДІРҚЫЗЫ