$526.5 €611.64 ₽6.72
×

Ақтауда қираған үйдің тұрғындары өздерін басқа орынға көшіруді сұрап отыр

AstanaTV
10.09.2014ж. 20:00
1451
Ақтауда қираған үйдің тұрғындары өздерін басқа орынға көшіруді сұрап отыр

Ақтауда қираған үйдің тұрғындары өздерін басқа орынға көшіруді сұрап отыр. Олардың  тозығы жеткен үйде тұрып жатқанына 10 жыл болды. Осы уақыт аралығында шағымданып бармаған жері жоқ. Бірақ әкімдер әдемі уәдеге тойдырғанымен, халықтың жағдайы еш өзгермеді.  

Үшінші шағынаудандағы нөмірі 19-үйді Ақтауда білмейтін адам жоқ. 2000 жылдары мұнда өрт болып, ғимараттың жартысы отқа оранған. Сол кезде-ақ атқамінерлер тұрғындарды көшіреміз деп уәде еткен еді. Арада 14 жыл өтсе де, бұл үйдегі адамдардың өмірі өзгеріссіз. 

Нұрмұрат Бисенов, қала тұрғыны:

1994 жылдан бері тұрамын осы үйде. Балкондар құлап тұр. Балалар ойнайды. Ұшып кете ма, жығылып кете ме деп. Өртенуге аз қалып тұр. Әуеліде де өртенген үй ғой. Әкімшілікке бардым. Жазбаған жерім жоқ. Ешқандай көмек жоқ бізге.

Бұл үйдің  әжетханасында отырып аспандағы жұлдыздарды санауға болады. Қабырғалары 15 жерден бүлінген үйде қаншама адам тұрып жатыр. Жарты ғасыр бұрын уақытша баспана ретінде соғылған. "Сондықтан жөндеу жұмыстарын жасаудың еш пайдасы жоқ", - дейді тұрғындар. Шатырдан аққан су, қисайған қабырғалар мен әбден тозған еденге тұрғындардың көзі үйреніп кеткен. 

Румия Шайғұзова, 3 шағынаудан 19-үй тұрғыны:

2015 жылы ескі үй мәселесін жабамыз. Себебі дәл мына біздің аймақ 100 пәтерлі үйге кетеді. Осы жылдар ішінде ешкім қозғалған жоқ. Енді міне, 2014-тің аяғы болды. Бізді көшірмек түгілі бұл жерден бір тас та қозғалмады.

Ақтаулық атқамінерлер ескі үйлерді алып тастау бағдарламасы бір ай бұрын мақұлданды дейді. Ал тұрғындарды көшіретін жаңа үйлердің құрылысын жүргізуге жеке инвесторлар тартылмақ. Жаңа үйлердің жобасы әзірленіп, қала құрылысы кеңесінде бекітілген. Тұрғын үйлер салатын жер де белгілі. Құрылыс 2015 пен 2019 жылдар аралығында жүргізіледі.

Нұрлыбай Аққұлов,  Ақтау қаласы әкімінің орынбасары:

3-микрорайонда бүрынғы сырылған үйлердің орны қазір бізде бос тұр. Осы бос тұрған жерлерді 1 этапқа бөлеміз. Соған ол инвестор өзінің тұрғын үйін салып, қасындағы көршілес тұрған тұрғын үйдің тұрғындарын көшіргеннен кейін барып, ол 4 үйлер сындырылып, келесі этапта орнына жаңа үйлер салынбақшы. Жаңа үй салынған соң, келесі этапта тұрған апатты тұрғын үйлердің тұрғындары сол 2-этапта салынған үйлерге көшіріліп, 3-этапқа көшпекші.

Жаңа үйлер шамамен 800 пәтерге есептеліп тұрғызылады. Оның 237-сі ескі үйлердің тұрғындарына арналған.  Олар жаңа үйден бағасы бірдей алаңды тегін ала алады. Егер шаршы метрі одан да үлкен үйді қаласа үстемақысын төлейді,-дейді әкімдіктегілер. Осылайша, тозған үйдің тұрғындары әлі кем дегенде, бір жыл ескі үйді паналауға мәжбүр.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ