$525.11 €546.74 ₽4.88
×

Таразда студенттер ЖГТУ-дан құжаттарын алып жатыр

AstanaTV
21.08.2014ж. 20:00
1179
Таразда студенттер ЖГТУ-дан құжаттарын алып жатыр

Тараздағы жабылған Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінде ұзын-сонар кезек. Студенттері екі күннен бері құжат алу кезегінде тұр. 

Күндізгі бөлімнің 1 мың 500 студенті тамыздың 25-не дейін құжаттарын қайтарып алуы тиіс. Балаларының болашағына алаңдаған ата-аналардан да  маза қашқан. Ал құжат қайтаратын бөлімде тек төрт адам жұмыс істеуде. Жиналағандар осыған наразы.

Мөлдір Жақсыбекова,  студент:

Бес-алты  кабинет ашса, өйткені студент деген көп қой мұнда. Уақыт жоқ, мысалы, 25-іне дейін ғана қабылдайды. Біз үлгереміз бе, үлгермейміз бе, бір Құдай біледі.  Үлгермей қалсақ, тағы далада қаламыз. 

Еске салайық,  бұл дау жоғары оқу орнының лицензиясы тоқтатылғанда басталды. 25 сәуірде Тараз қалалық мамандандырылған әкімшілік соты 17 жылдық тарихы бар университеттің лицензиясын алу туралы шешім шығарды. Өйткені Білім және ғылым министрлігі оқу орнының білім сапасы тиісті талаптарға сәйкес келмейтінін жыл басында өткізілген екі бірдей тексерісте анықтаған. Жоғарғы оқу орнында 23 мамандық бойынша маман дайындалып келген. Студенттердің білімі, тестілеу қорытындысында тиісті межеден өте алмаған. Осыған орай, оқу орны жұмысын жалғастыру құқығынан айырылды.

Күндізгі бөлім мен сырттай оқитын 3 мыңнан асатын студент енді басқа оқу орындарына құжат тапсыруға асығуда. ЖГТУ әкімшілігі жағдайдың бұлайша күрделенуін маман аздығымен түсіндіреді. Әрі құжат қайтару жұмысы осыдан он күн басталғанымен, студенттер енді ғана келіп жатыр дейді.

Тұрсын Төлеев,  ЖГТУ проректоры:

Қазіргі тұрған кептеліс - мына жаңағы арызын жазып алып кеттің ғой басқа оқу орнына ауысамын деп, соған қосымша ҰБТ сертификаты, кешенді тесттің сертификаты керек. Кейбіреулерге дипломның, аттестаттың көшірмесі керек боп қалады кей жағдайда. Соларды алып жатыр бұлар. Сондықтан мұның бәрін, әр жеке іс қағазды ашу керек. Ол жерде 4 адамнан артық сыймайды қызметкерлер. Өзі кішкентай ғана бөлімде.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ