Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қазақстанда жанар-жағармай қымбаттады

AstanaTV
22.08.2014ж. 20:00
1343
Қазақстанда жанар-жағармай қымбаттады

Ұлттық экономика министрлігінің ресми сайтында жанар-жағармайдың шекті бағалары көрсетілісімен, май құю стансалары қарап қалмады, баға бірден шарықтап шыға келді.  Ең жоғары сұранысқа ие АИ-92 маркасы бұрынғы 115 теңгеден 128 теңгеге дейін қымбаттады. АИ-80-нің литрі 89 теңге, ал дизель отыны 115 теңгеден саудаланып жатыр. Қымбатшылық барлық өңірді шарпыды.

Мәселен, Атырауда АИ-92 маркасы бір түнде 13 теңгеге шарықтап, 128 теңгеден саудаланып жатыр. Кейбір бекетте бұл бензин тіпті саудадан алынып тасталған. Айта кетерлігі, дәл осы марканың құны  «Қазмұнайгаз» бекеттерінде түске дейін 115 теңге болса, түстен кейін 128 теңгеге өсті. Баға Шымкентте де құбылды. Мұнда да бүгін таңертеңнен көптеген май құю бекеттері АИ-92 маркасына 13 теңге қосып саудалады. Ал кейбір бекеттер мұнда да әліптің артын бағып, түске дейін бұрынғы бағаны ұстап тұрды.

Әлішер  Ханазаров:

Бүгін міне бензин құйған едім 128 боп кетіпті. Бір жерде 125-126 боп жатыр, бізге қиын боп жатыр. Жол жүру қиын, запчастьтар да бәрі қиын. -Кеше қаншадан құйып едіңіздер? -Кеше 115 еді, бүгін 128 бопты. Халықты ойлау керек қой кішкентай. Дұрыс емес деп ойлаймын бұны. 

Шымкенттегі кішігірім стансаларда бензин тіптен жоқ. Ал қала орталығындағы мына бекетте баға өзгелерден сәл арзанырақ. АИ-96 -150 теңге, АИ-92 -124 теңгеден құйылып  жатыр.

Бензин бағасы Тараз тұрғындарын да таң қалдырды. Көлік жүргізушілерінің айтуынша, соңғы үш күнде ірі май құю станцияларының өзі АИ-92 маркасын сатылымға тіптен шығармаған. Кеше кештен бастап таңға дейін жанармай бекеттерінің бірде бірінде сұйық отын сатылмады. Халыққа тасымалдаушылар жеткізбей жатыр деген желеу айтылды. Дегенмен, бүгін де станциялардың басым бөлігінде бензин жоқ.

Ал Оралда екі аптадан бері жанар-жағармай тапшы. Қымбатшылық мұнда да жеткенмен,  бірқатар бекеттер жаңа бағаны орнатып үлгермеген. Өйткені сатуға бензин жоқ. Шағын жанармай құю стансалары тіптен қаңырап тұр.

Мұрат Бәйменов, БҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

Бірқатар жанармай құю стансалары бензинді тек талонмен ғана беріп жатыр. Олар тендерлерге қатысқан, осылайша, өздерінің міндеттемелерін орындауда. Сондықтан талонмен босатылған бензинге қатысты түрлі түсінбеушіліктер орын алуда. Қазіргі күні облыста АИ-92 маркалы бензиннің 1200 тоннасы бар. Бұл қала үшін жеткілікті мөлшер деп ойлаймын.

Баға Астанада да құбылды. Бірақ бас шаһарда да кейбір станциялар бағаны өзгертіп үлгермеген. Бекеттердің бірі жаңа бағадан пайда көріп жатса, енді бірі ескі бағаны ұстап тұр. Бірақ бұл көпке бармайтыны анық.

Айта кетерлігі, бұған дейін Мұнай және газ министрі болып тұрған кезінде Ұзақбай Қарабалин бензин бағасы тамызда өзгеріссіз қалады деп сендірген еді.  

Айгүл ӘДЕПБАЙ