$525.11 €546.74 ₽4.88
×

Астанада қалалық әкімдік пен қоқыс өңдеу зауыты келісімге келе алмай отыр

AstanaTV
22.08.2014ж. 20:00
1682
Астанада қалалық әкімдік пен қоқыс өңдеу зауыты келісімге келе алмай отыр

Астанада қоқыс дауы. Қалалық әкімдік пен Қазақстандағы жалғыз қоқыс өңдеу зауыты келісімге келе алмай отыр. Салдарынан зауыт тоқтап тұр. Күн сайын тонналап шығарылатын қоқыс өңделмей жатыр. Ал бас шаһардан күніне 700-800 тонна тұрмыстық қалдық шығарылады. Жергілікті биліктің айтуынша, зауыт тасымал тарифін көтеруді талап қылып отыр.  Оған жол берілсе, қазіргі тариф үш есеге қымбаттап шыға келмек. Айгүл Әдепбай қоқыс дауына араласты.

70 человек стоят вот так в ручную сортируют. Вот посмотрите, у каждого есть задание, вот они отделяют.

Міне, қыруар жұмысты осылайша қырып, осынша қоқыс өңдейміз деп зауыт басшылығы тек сөзбен ғана айта алады. Ал іс жүзінде еліміздегі аналогы жоқ қоқыс өңдеуші жалғыз зауыт тоқтап тұр. Шаруаның қаңтарылғанына екі апта. Жалпы жыл басынан бері 5 мәрте тоқтаған. Осыдан екі жыл бұрын ғана ашылған нысан қарқын ала алмай тұр. Басшылықтың айтуынша, бұған тұрмыстық қалдық тасымалдаушы мекемелерінің тиісті қаражатты төлемей отырғаны себеп. Бүгінде олар зауытқа 85 млн теңге қарыз. Салдарынан зауыт жұмысшыларына мамыр айынан бері жалақы төлей алмай отыр.

Владимир Громов, «Алтын-тет» ЖШС техникалық директоры:

Бар гәп қоқыс тасымалдаушы ұйымдардың бізге уақытылы ақша төлемей отырғанында. Мәселен, «Астана-тазарту» халықтан ақша түспей жатыр деп бізге 1-2 ай көлемінде төлемей қояды. Ал халық ай сайын 25-не дейін төлеп отыр коммуналдық төлемдерді. Ал біз ол қаржыны екі айдан кейін ғана аламыз. Міне, қарыздар қайдан жиналып жатыр.

Алайда әкімдік бәріне қаржылық және өндірістің менеджментін дұрыс жүргізбей отырған зауыттың өзі айыпты дейді. Айтуларынша, кәсіпорын банк алдындағы қарызын халықтың есебінен жаппақ, яғни бар көздегені - тарифті көтеру. Қазір астаналықтар тұрмыстық қоқыс үшін адам басына 260 теңгеден төлеп отыр.

Шыңғыс Кәрімов, Астана қаласы әкімдігі абаттандыру бөлімінің бас маманы:

Қазіргі күнге тарифті өсіру сұрақтары қаралмайды. Егер зауыт талаптарына келіссек, қазіргі тарифті үш есеге өсіруге алып келеді. Сондықтан бұл талаптарға Астана қаласы әкімдігі келісе алмайды.

Шенеуніктердің айтуынша, ашылғалы бері зауытқа өңделген 1 тонна қалдық үшін 1700 теңге төленіп келді. Зауыт басшылығының сұрауымен бір жыл бұрын ол сомма 3130 теңгеге артып, тариф онсыз да көтерілді. Ал қазір жеке кәсіпкер бұл көрсеткішті 5 мың теңгеге дейін арттыруды сұрап отырған көрінеді. Себебі шығыны шаш етектен. Мекеменің қоқыс полигоны алдындағы қарызы да ұлғайған. Ол сомма 64 млн теңгеден асыпты. Алайда зауыт басшылығы тариф туралы талабымыз жоқ дейді.

Владимир Громов, «Алтын-тет» ЖШС техникалық директоры:

Біз ештеңе талап етіп отырған жоқпыз. Біз тарифтен түсетін табыс дұрыс бөлінсе дейміз. Мәселен, тарифтен түсетін пайданың 60 пайызын қоқыс тасымалдаушы ұйымдар алып отыр. Ал зауытқа 17 пайыз ғана қалады. Әкімдік зауыт банк алдындағы қарызын халық есебінен жаппақшы деген. Бұл - сандырақ. Қаралау.

Зауыт өз міндетін атқармай отыр десе де, әкімдік оның қызметінен әзірге бас тартып, келісімшартты бұза алмайтын тәрізді.

Мирас Гаисин, Астана қаласы әкімдігі абаттандыру бөлімінің жетекшісі:

Бұл Астанадағы ғана емес, Қазақстандағы қоқыс өңдейтін жалғыз зауыт екені құпия емес. Оның аналогы жоқ. Сондықтан әкімдік зауытпен одан әрі де жұмыс істеуге мүдделі. Бірақ біз қала бюджетінен зауытқа қаржылай субсидия бере алмаймыз. Заңда ондай жағдай қарастырылмаған.

Ал зауыт басшылығы мемлекет немесе инвесторлар қолтықтан демемесе, қадам басып кете алмайтындарын мойындады.

Сөйтіп, мәселе әзірге ашық күйінде. Қалалық әкімдік пен қоқыс өңдеуші жалғыз зауыт текетіресі немен тынары белгісіз. Ал қоқыс тасымалдаушы мекемелер қалдықтарды өңдеусіз тура полигонға төгуде. Сондықтан бас қаланың қоқыс қоршауында қалуы да ғажап емес. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ