Бүгін
Алматыда КСРО халық әртісі Ермек Серкебаевқа естелік тақта ашылды. Бөгенбай батыр көшесіндегі әнші тұрған үйдің
қабырғасына ілінген тақтаның салтанатты ашылу рәсіміне қала басшылығы, ел
ағалары мен әншінің туыстары, жары және ұлдары
қатысты. Бұл үйде әнші өмірінің ұзақ уақытын өткізген. «Қазақ
радиосы» осы ауданда болғанда Ермек Серкебаев диктор болып жұмыс істеді. Одан
соң Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында оқып, Абай
атындағы опера және балет театрында жұмыс істеді.
Қазақ және әлемдік опера
туындыларын асқан шеберлікпен орындайтын әншіні ел камералық және опералық
әнші ретінде таниды. Ол қазақ мәдениетін Еуропа мен бүкіл әлемге кеңінен
насихаттады. Сондай-ақ, көптеген талантты шәкірт тәрбиелеп, өзіндік ән мектебін
қалыптастырды. Ескерткіш тақта ілінген үйде отбасылық өмірінің алғашқы жылдарын
өткізген. Ұлдары Алмас пен Байғали
Серкебаев та осы шаңырақта өмірге келді. Кеңес Одағының және Қазақстан
республикасының халық әртісі Ермек Серкебаев былтыр 16 қарашада Алматыда дүние
салды.
Бибігүл
Төлегенова,
КСРО халық әртісі:
Ең
бірінші қазақстандық классиканы басқа жерлерге танытқан Ермек болатын. Ол -
біздің Қазақстанның өкілі, мәдениет саласының өкілі. Бүкіл жер жүзіне жүріп,
Қазақстанның мәдениетін, әндерін, операларын бүкіл жер жүзіне паш етіп
таныстырған. Қазақ қанша өмір сүрсе, соншама Ерекең біздің есімізден кетпейді.
Байғали
Серкебаев,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
Менің
әкемнің әндерін халық сүйіп тыңдады. Бүгінгі ескерткіш тақтаның ашылуы әкемнің
рухын бір серпілтіп тастағанына сенемін. Менің бойыма классикалық музыкаға
деген махаббатты сіңірген әкем болатын. Оның бейнесі мәңгілік біздің жадымызда.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ