$527.3 €544.86 ₽4.95
×

Петропавлда төрт жыл бұрын берілуі тиіс үйде құрылыс бітпей тұр

AstanaTV
25.08.2014ж. 20:00
1139
Петропавлда төрт жыл бұрын берілуі тиіс үйде құрылыс бітпей тұр

Петропавлда «Қазақстан құрылыс жинақ банкінің» салымшылары құрылыс алаңына келіп, наразылық танытуға мәжбүр болды. Олар 2011 жылы банкте 45 пәтерлі үйге жарияланған байқауды жеңіп, баспананың болашақ иелері атанды. Алайда, үйлі-баранды болсақ деген армандары жылдан жылға алыстап барады. Құрылыс жұмыстарын сағызша созған мердігерлер қазір үйдің 4-қабатын ғана соғып жатыр. Бүгін базыналы бұқара бас құрылысшымен бетпе-бет кездесіп, көкейдегі сауалдарды жайып салды. Халықтың мұңын аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин да тыңдады. 

Мы с четырех сторон дом обошли. Вы хотите сказать, что мы все слепые?! -Нет. А это тут причем? -Ну как, с ваших слов это так и говорится. Вы говорите, 17 человек. Где 17 человек? Вы посмотрите - нет 17 человек. Мне с балкона хорошо видать. Работают второй день три человека.

Берекеті қашқан Береке ауданы жұртының ащы дауысы - осы.  Құрылысы 2012 жылы басталған баспана былтыр тамызда халық игілігіне тапсырылуы тиіс болатын. Алайда, 45 пәтерлі үйдің құрылысы бітер емес. Шыдамдары таусылған қараша: «Мердігерлердің қырық өтірігіне әбден тойдық», - дейді.

Салиха Әлкешова:

Міне, өзіңіз көріп тұрсыздар, әлі бітетін түрі жоқ. Шатыры да, 3,4,5-ші қабаты да әлі біткен жоқ.

Аягөз Құсайынова:

Үйіміз болды, бәрін сатып, осы "Жилстройбанкке" вкладчик ретінде біз қосылдық. Міне 3 жыл бойы мен осы қалада жалдап келе жатырмын. Ай сайын 40 мың төлеймін. Төртінші жыл мынау бітпей тұрғаны. 

Тұрғындардың айтуынша, жұмысшылардың қарасы ара-тұра ғана көрінеді. Мердігер «Жігер Құрылыс Сервис» басшылары үйдің құрылысына салғырт қарайды. Бірақ серіктестік бар жұмыс жоспарға сай орындалып жатыр дегенді алға тартады. Ал құрылыстың сиырқұйымшақтанып кетуін олар қалалық әкімдіктен көріп отыр.

Дінмұхамед Бүйрекбаев, «Жігер құрылыс сервис» ЖШС директоры:

Біз құрылыс жұмыстарының барысында үйдің астымен өтіп жатқан су құбырын байқамай тесіп алдық. Бұл пайдаланылмай жатқан құбыр жобада көрсетілген жоқ. Мен бірден әкімдікке жұмысты тоқтатуға арыз жаздым. Олар бұл құбырды алып тастағанша, бас жобаны қайтып өзгерткенше 11 ай өтті. Құрылыс тек былтырғы жылдың қыркүйегінде ғана жалғасты.

Ал билік өкілдері болса, ағаттықты жобалау компаниясы жіберді дейді. Яғни олар топографиялық түсірілім кезінде жер асты құбырын байқамай қалған.

Андрей Борзилов, Петропавл қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің заңгері:

Үйдің жобасымен «СевГражданПроект» компаниясы айналысты. Құбырға байланысты қосымша шығынды олар өз мойындарына алды. Қазір жұмыс ойдағыдай жүріп жатыр. Үйдің құрылысы 2 айдан кейін бітеді деп жоспарлап отырмыз.

Айта кету керек, баспана құрылысының тоқтатылуына себепші болған су құбыры қаланың бас жоспарында да көрсетілмеген. 2007 жылы жасалған маңызды құжат қазір жаңартылуды қажет етеді. Атқамінерлер бұл мәселені жуық арада қолға алатындарын айтады. Ал базынасы көп 45 пәтерлі баспана қазан айында қолданысқа берілуі керек. Бұл - шенеуніктер мен мердігерлердің уәдесі. Ал бар қаражатын салған тұрғындар тағы 2 ай уақыт күтуге көніп отыр. 

Абзал ҚҰРМАНКИН