Сүйісіп
тұрған Құрманғазы мен Пушкиннің суреті әлеуметтік желі қолданушыларының жаппай
наразылығын туғызды. Қос алып осылайша Алматыдағы Пушкин мен Құрманғазы
көшелерінің қиылысында орналасқан тақырыптық клубтың жарнамасына айнала
жаздады.
Жұртшылықтың наразылығынан кейін, постерді салған жарнамалық агенттік
өкілдері "орынсыз креатив" үшін кешірім сұрады. Ғаламтор қолданушылары дәстүрлі емес жыныстық
көзқарасты білдіретін бұл жарнаманы өнер қайраткерлерін қорлау деп түсінетінін
мәлімдеуде. Даулы жарнама постерінің дизайнері мен тапсырыс берушілерді
әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап еткен он шақты блогер
бүгін Алматыдағы ішкі істер департаменті алдына жиналды. Ашулы топтың ішінде
Құрманғазының ұрпақтары да бар. Олар өздерінің бабасын қорлағандарды заң
аясында жауапқа тартып, моральдық шығынды да өндіріп алмақ ниетте.
Нүркен
Халықберген, Құрманғазының шөбересі:
Тек
қана қызылқұрттың намысына емес, ол бүкіл қазақтардың намысына тиген кісілер.
Сондықтан мына арызды жазып жатырмын. Кеше фейсбукты ашып, суретті көріп,
оларға жаздым, не деген сұмдық деп. Олардың маған жауап бергені, орысша, ол
ханжество деді, сіз түсінбейсіз. Бұл - креатив. Ешқандай, қазақтардың намысына
тиетін нәрсе жоқ деп, намысыма тиді.
Ал
Алматы қалалық Мәдениет басқармасының өкілдері даулы постерді Алматы
көшелерінде ілуге рұқсат берілмегенін мәлімдеді.
Қайрат
Кұлыбаев,
Алматы қалалық мәдениет басқармасының басшысы:
Бұл жерден ешқандай да
креатив көріп тұрған жоқпын. Жай ғана жұрттың назарын өзіне аударуға тырысқан
әрекетті ғана байқадым. Сондықтан мұндай өнімді ұсынбас бұрын, әуелі
мемлекеттік органдармен келісуі керек еді. Меніңше, сана-сезімі жоғары
мемлекеттік органдардың басшылары мұндай бейбастыққа жол бермейді. Ал заңды
айналып өтіп, өз әрекетін іске заңсыз асырмақ болғаны анықталса, онда олар
жауапкершілікке тартылады.
Еркін ҚАРИН