$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодардағы «Жұлдызды Жасыбай» ретро фестивалі биыл Шәкен Аймановтың 100 жылдығына арналды

AstanaTV
25.08.2014ж. 20:00
2006
Павлодардағы «Жұлдызды Жасыбай» ретро фестивалі биыл Шәкен Аймановтың 100 жылдығына арналды

«Тақиялы періште», «Наш милый доктор», «Алдар көсе» және «Атаманның ақыры». Қазақ киносының шоқ жұлдыздары болып саналатын бұл фильмдерді павлодарлық көрермен үш күн бойы табиғат аясында тамашалауға мүмкіндік алды. Дәстүрлі «Жұлдызды Жасыбай» ретро фестивалі биыл Шәкен Аймановтың 100 жылдық мерейтойына арналды. Әсерлі ән мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған шараға өңірдегі тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы да барып қайтқан еді. 

«Жасыбай жұлдыздары» ретро фестивалі осымен төртінші мәрте шымылдығын ашты. Биылғы шараның басты ерекшелігі, фестиваль жерлесіміз, қазақ киносының мэтрі, атақты режиссер және актер Шәкен Аймановтың 100 жылдығына орайластырылды. Үш күн бойы керекулік көрермендер Шакен атаның белгілі туындыларын тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Жасыбай жағалауы бұл күні ерекше түрленген. Керемет сахна, мыңдаған көрермен мен тамаша ауа-райы. Бұл көріністің ажарын фестивалге арнайы келген өнер тарландары аша түсті. Халық әртісі Асанали Әшімов Шәкен Аймановтың  қазақ мәдениетіне қосқан үлесіне тоқталды. «Баянауыл - ұлылар мекені. Мұндай жерден Шәкендей азаматтың тумауы екіталай. Ол - дала Сократы  болатын»,- деп еске алды. Шынымен де, Айманов кез келген жас актер үшін идеал-тын.

Ғани Құлжанов, фестиваль жүргізушісі:

Шәкен атамыздың салып кеткен сара жолы - кинодағаы әрбір актер үшін, әрбір өнер адамы үшін бағаланбас шексіз дүние. Мен шынымды айтсам, Жасыбай жерінде, Баянауылда бірінші ретпін. Табиғатына тамсанып, сондай керемет көңіл күйдеміз.

Шараға асыға жеткен көрерменнің бірі қарағандылық Зейнеп Жасыланова. Жетінші сыныптың оқушысы жазғы демалысын Жасыбай көлінде өткізуді ұнататынын айтады. Тамаша табиғатпен қоса, бұл өңір жыл сайын тынығушыларды әдемі ретро фестивальмен де қуантып келеді.

Зейнеп Жасыланова, көрермен:

«Жұлдызды Жасыбайда» қазақтың әншілері осындай табиғат аясында тамаша әндерді шырқап отыр. Екінші жыл келіп жатырмын. Өзіме қатты ұнады. Ата-аналарыммен жыл сайын осы жерде демалып қайтамыз.

Фестиваль Шәкен Аймановтың 100 жылдығына арналғандықтан, оның кинотуындыларындағы әйгілі әндерге көрермен құлақ құрышын қандырды. Сондай-ақ, 70-80 жылдары әлемді аузына қаратқан АББА, Тото Кутуньо мен Челентаноның да репертуарынан туындылар шырқалды.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ