$527.3 €544.86 ₽4.95
×

Қызылорда облысының Әйтеке би кенті ауыз суға жарымай отыр

AstanaTV
26.08.2014ж. 20:00
1778
Қызылорда облысының Әйтеке би кенті ауыз суға жарымай отыр

Қызылорда облысы Әйтеке би кенті ауыз суға жарымай отыр. Шенеуніктер мәселе алдағы уақытта шешіледі, жаңа су стансасы салынып жатыр деді. Тығырықтан шығарар жол қарастырылып жатқанын айтты. Қазір шалғай ауылдарда жер асты су қорын зерттеу жұмыстары басталған. Аймақтағы әріптесім Сыр өңірі жұртшылығы сапалы ауыз суға қашан толықтай қол жеткізетінін анықтауға тырысты. 

Аптап ыстық. Әйтеке-би кентінің тұрғындары ауыз судан таршылық көріп отыр. Айтуларынша, жыл сайын жаз басталысымен, осы күйге түседі. Өйткені бау-бақша суаратындар көп.

Петр Сиротин, Әйтеке-Би кентінің тұрғыны:

Қыста су бар, қалай жаз басталады, солай суда жоқ болады. Қорамызда  су құбыры бар, десе де түбінен ғана тамшылап тұр. Жасым 75 келгенде, мынау шелекпен су тасып жүргенім. 

Жергілікті шенеуніктер ауыз су тапшылығын жаңа су стансасының салынып жатқанымен түсіндірмек болды. Оның үстіне көнерген желілерде апаттың жиі болатынын айтты.

Исахмет Мүсіров,  Қазалы аудандық «Сумен жабдықтау нысандарын жөндеу және пайдалану» МКК директоры:

1983 жылдан бері жөндеу кейде жасалғанымен, желі анда-санда жарылады. Ондай прорывтар болады, жасырмаймыз. Апат бригадасы басында, солар кеткен суды тоқтатады.

Қызылорда облысында елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бір жола шешілмеген. Кей ауылдар әлі күнге су таситын көліктерге телмірсе, енді бірі суды құдықтан тартып ішеді.

Ерлан Жоламанов, Қызылорда облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы:

262 елді мекен бар, соның 185 орталықтарылған су көзіне қосылған.  33 елді мекен бізде әлі күнге дейін шахталық құдықпен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл елді мекендерге біз "Ақ бұлақ" бағдарламасының талабы бойынша жер асты құбырларын зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

«Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы осы жылдың аяғына дейін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді жалғастыра бермек. Бұған қоса, су жүйесінің 250 шақырым құбырларын ауыстыру көзделіп отыр.

Ерлан Жоламанов, Қызылорда облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы:

Биыл 2014 жылға 8 миллиарда тенгедей қаржы бөлінген, сол аясында 20 жоба бойынша жұмыс жасалып жатыр. Биылдың өзінде біз 1700 үйге су есептегіш құралдарын орнатып, 10 елді мекенде 10 жоба бойынша пайдалануға береміз.

Жергілікті билік алдағы 3 жылда бүкіл облысты таза ауыз сумен қамтамасыз етеміз дейді. Қазір шалғай ауылдарда геология және жер қойнауларын пайдалану комитетімен бірігіп жер асты су қорын зерттеу жұмыстары басталған. Су қоры анықталса, бұл елді мекендерде бұрғылау жұмыстары басталады.

Шарипа САҚТАПОВА