Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Шымкентте қоғамдық көліктерде жол ақысы электронды карталар арқылы төленуі мүмкін

AstanaTV
07.01.2016ж. 20:00
2981
Шымкентте қоғамдық көліктерде жол ақысы электронды карталар арқылы төленуі мүмкін

Алматыдан соң Павлодар мен Шымкент тұрғындары қоғамдық көліктерде электрондық билетпен жүруі мүмкін деген ақпарат тарады. Тіпті ол биылдан бастап енгізілмек. Шымкент билігі жаңа жүйені оңтүстік кореялық инвесторлармен талқыламақшы. Ал қолма қол ақша алып үйренген жолаушы тасымалдаушылар бұған әлден наразы. Жаңа бастаманы қолдаушылар да бар. Тараптарды әріптесім Айзада Төребекқызы тыңдап көрді.

Электронды билеттендіру жүйесіне көшеміз деген жаңалықты естігелі шымкенттік жолаушы тасымалдаушы компаниялардың ойы сан-саққа жүгірді. Қала ішінде қызмет көрсететін автобус жүргізушілері қолма-қол төлемді алып тастау күнделікті жеп жүрген наннан қағу деп түсінеді. Өйткені қоғамдық көлік өздерінікі.

Ондайға қарсымын. -Неге?- Өйткені өзімізге түспейді ақша. Өкіметтің автобусы болса, болады.

Біз нансыз қаламыз ондай жағдайда.  Мен жеке компанияға жұмыс істеймін. Ол маған қазіргі тауып жүрген табысымнан көп төлейтініне сенбеймін.

Карточкамен қалай болады?! Біреуінде болады, біреуінде болмайды. Көріп жатырмыз ғой, Алматыдағыны да естіп жатырмыз.  

Есесіне бұл жаңалық көлік компанияларының оң жамбасына келетін сыңайлы. Қолма-қол есеп айырысудан арылуды алғаш болып қолдағандардың бірі - шаһар ішіндегі сексен бір бағыттың онына қызмет көрсететін компания. Олар электронды билеттендіру жүйесі табыстың ашықтығына жол ашады деп сенеді. Айтуларынша, әр автобус күніне орта есеппен 25 мың теңге кіріс әкеледі. Егер жаңа жүйе қолданысқа енсе, табыс әлдеқайда ұлғайып, мемлекетке түсетін салық көлемі де артады деп санайды.

Бақытжан Рысбаев, ЖШС директорының орынбасары: 

Әр тапсырған планның ішінде айлықтары да бар бұлардың жүргізушілердің. Ал планнан тыс олар он мыңға жуық теңге табады жүргізушілер. Бірақ оның 3 мың теңгесін олар өздерінің кондукторларына береді. 2 мың теңге күнделікті тамақ асына кетеді. Және қалған 5 мың теңге олар премия ретінде көреді күнделікті. Ал енді мынау электронды жүйеге өтсек, бұл жерде бәрі анық, ашық болатын еді.

Айта кетейік, жаңа жоба инвесторлар есебінен қаржыландырылмақшы. Жолаушы тасымалына жауаптылар карточкаларды толтыруда қиындықтар болмайды деп отыр.

Жарқын Байдуллаев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

Терминалдар орнатуы мүмкін автобус аялдамаларында немесе банктерден құю, немесе телефон арқылы құю - сондай нұсқалар қарастырылып жатыр. Оның бәрі зерттелу үстінде. - Кондукторлар сонда жұмыссыз қалады ма? -Мүмкін, кондукторлардың жұмысы тек сол адам карточка арқылы төлегенін қадағалау ғана болуы мүмкін. Бірақ  қолма қол ақша болмайды.

Көлік тасымалына жауаптылар жол ақысын электронды түрде төлеу жолда жолаушы үшін таластың тоқтайтына сенімді. Жасыратыны жоқ, Шымкентте қоғамдық көлік жүргізушілері жолда жиі жарыс ұйымдастырады. Әзірге жоба болғанмен, бұл жүйені жолаушылар арасында қолдаушылар да, қарсы болып жатқандар да баршылық.

Сәуле Байдалиева:

Ақшалай болған кезде, біз жол жүрген кезде, кейде майда ақша болмауы да мүмкін. Сол себептен маған карточкамен жол ақысын төлеген ыңғайлы деп ойлаймын.

Қазыбек Әбдиев:

Карточкамен төлеу деген ол, мен ойлаймын, ыңғайлы. Чек те бермейді ғой қазір көбісі.

Валентина Романенко:

Меніңше, қолма қол төлеген дұрыс. Зейнеткерлерге карточка тиімсіз. Аз ғана зейнетақыны қайда жеткіземіз. Оның үстіне өз басым үйден көп шыға бермеймін.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Оңтүстік кореялық инвесторлар қаңтар айының екінші жартысында шаһарға келеді деп жоспарланған. Жобаны ұсынушылар сол кезде жолаушы тасымалдаушы компаниялардың талап-тілектерін тыңдайтын болады. Әзірге көлік компаниялары үшін басы ашық бір мәселе бар. Ол - қалаға сырттан, уақытша келетін қонақтардың қоғамдық көліктерде жол ақысын төлеу жайы болып тұр. Шенеуніктер бұл тұста бір реттік карточкаларды қолданысқа енгізуді ұсынбақшы.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ