Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Петропавлда қаржы полициясының экс-басшысы өліміне қатысты сот отырысы басталды

AstanaTV
29.08.2014ж. 20:00
827
Петропавлда қаржы полициясының экс-басшысы өліміне қатысты сот отырысы басталды

Петропавлда қаржы полициясының экс-басшысы Жандос Ахметовтың өліміне қатысты сот отырысы басталды. Лауазымды қызметкерді қатігездікпен өлтірді деген күдікпен 3 адам айыпталып отыр. Алғашқы сот процесіне марқұмның зайыбы мен әкесі қатысты. Еске салайық, өткен жылы желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысы экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары Жандос Ахметов киллердің қолынан қаза тапты. Бірнеше айдан кейін ұсталған күдіктілердің екеуі Ресей азаматтары болып шықты. Сот отырысына қатысқан Абзал Құрманкин марқұмның туыстарынан жаңа деректерді білді.

Бүгін алғашқы сот отырысы. Жауап беруші тарап бейнетаспаға жазуға қарсы болды. Сондықтан аз-кем түсірілімнен соң, бейнекамералар сыртқа шығарылды. 8 айға жуық тергелген істің нәтижесінде үш күдіктінің аты әшкере болды: Абдулэдир Джамалдиев, Павел Ковалев пен Бинали Хукиев. Сот залында прокурорлар баяндаған дерекке сүйенсек, сұмдықтың ұйымдастырушысы - Ресей азаматы В.Махмаханов есімді азамат. Ол былтырғы жылдың жаз айында серіктесі Абдулэдир Джамалдиевқа кісі өлтіруге тапсырыс берген.

Тергеу материалдары бойынша, ол Солтүстік Қазақстан облысы қаржы полициясының сол кездегі басшысы Нұрлан Шабдардың көзін құртуды көздеген. Істі тындырса, 100 мың АҚШ доллары сыйақы төлеуге келіскен. Бұған көнген Джамалдиев 50 мың долларға Ресей азаматы Павел Ковалев есімді киллерді жалдайды. Дайындық жұмыстары барысында олар қару-жарақпен айналысып жүрген қазақстандық Бинали Хукеиевтен «Макаров» тапаншасын сатып алған. Сондай-ақ, күдіктілер жарты жылдай Қаржы полициясының бастығы туралы ақпарат жинап, операцияға мықтап әзірленіпті. Сөйтіп, желтоқсанның жиырма төрті күні кешқұрым, жұмыстан шыққан басшыны қылмыскерлер үйіне дейін аңдып, баспанасының кіреберісінде атып өлтірген.

Шолпан Бекенова, Жандос Ахметовтың әйелі:

Күйеуім түстен кейін мектептен шыққан кіші баламды алып, үйге келді. Кенжеміздің айтуынша, кіреберістің қасында бір кісі есікті аша алмай тұрды. Олар есікті ашып, бірінші қабатқа көтерілген кезде іздеріне түскен әлгі кісі Жандостың арқасынан үш рет оқ атты. Балам гүрсілдеген дауыстан шошып, жерге құлады. Кейін киллер жұбайымның қасына барып, тағы екі рет атқан. Артынша ізін суытқан.

Күдіктілердің айтуынша, сол кезде қаржы полициясы басшысының міндетін атқарушы Жандос Ахметов қателікпен өлтірілген. Алайда, марқұмның әкесі бұған шүбә келтіріп отыр. 

Алик Ахметов, Жандос Ахметовтың әкесі:

Бұлар жарты жыл аңдыған баламды. Инюнь айынан декабрь айына шейін аңдып жүріп, баламды әрбір ізін аңдыған. Қай уақытта жұмысын бітіреді, қай уақытта үйге келеді? Қалай онда солар шатастырып алады? Жарты жыл аңдып жүріп, шатастырып алу деген мүмкін емес.

Айта кету керек, жауап берушілер жағында тек қылмысты орындағандар ғана отыр. Тергеу материалдарына қарағанда, сұмдықты ұйымдастырды деген Ресей азаматы В.Махмахановқа қатысты іс бөлек қозғалған. Алайда, ресей азаматы полицейлердің қолына әлі түскен жоқ. 

Алик Ахметов, Жандос Ахметовтың әкесі:

Баламның ісімен өзім толық танысып шықтым. Тергеушілер бұл оқиғаны 2007 жылы Алматы қаласында болған қазақтар мен шешендердің  бүлігімен байланыстырып отыр. Махмаханов, сол қырқыста жәбір көрген шешен азаматтарының туысы болып шықты. Ол сол кезде ішкі істер департаментінде қызмет етіп жүрген Нұрлан Шабдардан кек алмақ болған дейді. Сонда ол бауырларының кегін 7 жыл өткеннен кейін ғана еске алып отыр ма? Осы тұсы қызық болып тұр.

Марқұмның жақын-жұрағаттары материалдық өтемақы талап етіп отырған жоқ. Олар қылмыскерлер нақтыланып, айыптыларын қатаң жазамен өтегенін қалайды. Келесі сот отырысы екінші қыркүйекке белгіленді.

Абзал ҚҰРМАНКИН