Шығыс қазақстандықтар Эбола
вирусына қарсы тұруға үйренуде. Мұндай қадамға баруға жақында ғана Павлодар
тұрғынынан «белгісіз безгектің дамуы» байқалғаны түрткі болыпты.
"Африкада
таралған вирус ешқандай шекара мен қашықтықты білмейді", - дейді медицина
қызметкерлері. Сондықтан ақ халаттылар кез келген жағдайға дайын болу керек
деп есептейді. Өскемендегі әуежайлар мен вокзалдар арнайы құралдармен
жабдықталды. Дәрігерлер келіп-кетіп жатқан азаматтардың температурасын өлшеп,
жөтел, бас ауруы, әлсіздік, жоғары температура байқалғандарын қадағалауда.
Сондай-ақ, кедендік бекеттерде де санитарлық қадағалау күшейтілді.
Хамит Елубаев, аса қауіпті
карантин инфекцияларын эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы:
ШҚО-да дәрігерлермен және
тұрғындармен санитарлық ағарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біздің облысымызда 2
әуежай бар, Семейде және Өскеменде. Әуежайдағы мамандар келіп жатқан
туристердің бәрін тексеріп жүр.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ