$516.01 €582.47 ₽6.26
×

Қарағандыдағы № 27 орта мектеп жанындағы инклюзивтік білім беру орталығында 680 оқушы бар

AstanaTV
01.09.2014ж. 20:00
3630
Қарағандыдағы № 27 орта мектеп жанындағы инклюзивтік білім беру орталығында 680 оқушы бар

1 қыркүйек - білімге құштар мүмкіндігі шектеулі балалар үшін сырқатты еңсерудегі тағы бір белесі. Олар әрбір сабақ арқылы өзіне деген сенімді нығайтып, ертеңге деген үміттерін үкілей түседі. Кішкентай балалардың үлкен күш-жігері туралы келесі бейнематериалда.

Руслан Жалаев жаңа оқу жылын бастау үшін, сүйікті мектебіне асығып барады. Ол үшін бұл сирек кездесетін құбылыс, сондықтан айтулы күн. Жүрексінетінін де жасырмайды. Өйткені жаңа оқу жылында, жаңа бағдарламамен танысып, сабақ кестесін жасақтайды. 11 жасар Руслан бала кезден мүгедек. Ата-анасының көмегімен ғана жүріп-тұрады. Бірақ білім шыңын өзі бағындырып келеді. Ол - әдебиет, математика және информатикадан көптеген олимпиадалардың жеңімпазы.

Руслан Жаналин, тірек қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушысы:

Мен көбіне компьютермен жұмыс істеймін. Интернетті жақсы көремін, онда көптеген достар тауып, сөйлесемін.  Әрине, мұғалімнің  сабақ бергені ұнайды.

Тапсырмаларды Руслан үйде орындайды. Үйге келетін пән мұғалімдері тапсырмалардың орындалу барысын қадағалайды, жаңа сабақты түсіндіріп кетеді. "Ал бар бағдарламаны өзі игереді. Және оны асықтырып та қажеті жоқ", - дейді педагогтар. Шәкірт келешек мамандығын да таңдап қойыпты - телевизиялық видеомонтаж маманы болғысы келеді.

Жалпы Қарағанды облысында төрт мыңға жуық мүгедек бала бар.  Және оның басым бөлігі мектеп жасындағылар. Аутизмге шалдыққан 7 жастағы Костя үшін шарикті қаламды ұстау - алғашқы жеңісі. Бірақ оның табандылығы таңқалдырады.

Анна Ким, Костяның анасы:

Осында бізге көмектеседі деген үміттемін. Дегенмен, облыста бізге қажетті мектеп тым аз.

Қарағандыдағы №27 орта мектеп жанынан ашылған инклюзивтік білім беру орталығында науқас балалармен логопед, психолог, дефектолог мамандар жұмыс істейді. Олардың қамқорлығында 680 оқушы бар. Мамандар олардың әрқайсысына жеке-дара көңіл бөлетіндерін айтады. Педагогтар "мүмкіндігі шектеулі балалар үздік жетістікке дені сау оқушылармен бірге, бір мектепте оқығанда ғана жетуге болады. Ол үшін жағдай жасау керек ", - дейді.

Клара Дауыпбаева, Қарағанды қаласы №27 орта мектептің директоры:

Ең басты проблема - қолайлы жағдайдың жоқтығы. Пандустар, лифтілер жоқ.  Арбаға таңылған балаларды қабылдай алмаймыз. Өйткені жалпы мектептерде мұндай жағдай жасалмаған.

Әзірге мүгедек балалардың білім алуына мамандандырылған мекемелерде ғана жағдай жасалған. Қажетті тренажерлар, емдеу дене шынықтыру кабинеттерімен жабдықталған. Бірақ олардың қатары саусақпен санарлық. Ал негізгі мектептер әлі күнге жабдықталған жоқ.

Наталья Волкова, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаттың емдеу, дене шынықтыру нұсқаушысы:

Олар өзге балаларға қарайды. Сөйтіп өзгелер секілді доп қууға, көшемен жүгіруге деген ынтасы оянады.

Биыл 27 мектеп жаңа дамыту кабинентін алды. Бұған қоса, тірек қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатқа қосымша ғимарат құрылысын салу басталды. Бірақ бұл да үлкен жұмыс алдындағы теңізге қосылған тамшы ғана. 

Базаргүл ІЗІМОВА