$524.24 €612.94 ₽6.68
×

Өскеменде қоғамдық көліктердегі жол ақысы 15 теңгеге қымбаттады

AstanaTV
01.09.2014ж. 20:00
1450
Өскеменде қоғамдық көліктердегі жол ақысы 15 теңгеге қымбаттады

Өскеменде бүгіннен бастап қоғамдық көліктердегі жол ақысы 15 теңгеге қымбаттады. Жолаушылар енді 60 теңгенің орнына 75 теңге төлейді. Қала басшылығы бұған дейін жолақы тарифінің құнын өсірмек болған тасымалдаушылардың ұсынысынан бірнеше рет бас тартқан болатын. Ал маусым айындағы автобус тұрақтарындағы ереуілден соң, тасымалдаушылардың барлық есеп-қисаптарын тексеретін жұмыс тобын құрды.

Арнайы комиссия, көлік бөлшектері мен жанармай бағасының өсуін әрі автобус жүргізушілерінің мардымсыз жалақысын есепке ала отырып, 60 теңгенің тиімсіз екенін растады. Оған қоса, әбден ескірген қоғамдық көліктердің көпшілігінің сапасы сын көтермейді. Соған қарамастан комиссия, талап етілген 80 теңгені құптамай, жол ақысын 75 теңгеге көтеруге шешім қабылдады. Ал депутаттар болса, алдағы маслихат сессиясында, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға демеу қаржы қарастыру жайын талқыламақ.

Айта кетейік, Астанадағы қоғамдық көліктердегі жол ақысы кешеден бері 90 теңгеге өсті.  

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ