$524.24 €612.94 ₽6.68
×

Оңтүстік Қазақстан облысында бүгін 16 жаңа мектеп шәкірттерді қабылдады

AstanaTV
01.09.2014ж. 20:00
1433
Оңтүстік Қазақстан облысында бүгін 16 жаңа мектеп шәкірттерді қабылдады

Оңтүстік Қазақстан облысында бүгін 16 жаңа мектеп шәкірттерді қабылдады. Соның алтауы Сарыағаш ауданы тұрғындарының игілігіне тапсырылды. Айта кетейік, бұл аймақта жаңа оқу жылында жалпы 21 білім ордасының құрылысы аяқталған. Осылайша, аймақтағы үш ауысымды және апатты жағдайда бала оқытып келген білім мекемелерінің мәселесі біртіндеп шешіліп келеді.

Сарыағаш ауданы Дербісек ауылының үлкен-кішісі бұл күнді аз күткен жоқ. 600 орындық мектептің ашылуына тайлы-тұяғы қалмай жиылған. Өйткені жарты ғасыр бұрын салынған ескі мектеп апатты жағдайда болған дейді ұстаздар. Оның үстіне 120 орындық ғимаратта сегіз жүзден астам бала үш ауысымда оқыпты. Бүгін бәрінен ерекше қуанған сол оқушылар болды.

Мадина Мырзаханова:

Ескі мектебіміз өте тар еді. Онда үш адамдап та отыратын едік. Қазіргі жаңа мектеп өте қолайлы. Бұл жерде спорт залы да, асханамыз да өте керемет. Біздің жаңа мектебіміз өте керемет. Енді біз бұл жаңа мектепте жақсы оқуға ұмтыламыз.

Оқушылар бұрынғыдан да жақсы оқуға уәде беріп отыр. Себебі тар сыныптың өзінде көрсеткіш жаман емес дейді педагогтар. Сарыағаш ауданындағы 143 мектептің арасында ҰБТ бойынша 10-орынға табан тіреп, 41 түлектің тең жарымы грантқа оқуға түскен. Қазіргі жағдайда үздіктеріміздің саны бұдан да артады деп сенеді ұстаздар қауымы.

Феруза Әшірбаева, Т.Бигелдинов атындағы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі:

Қазір міне көріп тұрсыздар осындай үлкен ғимаратта мыңға жуық оқушымыз бар. 6-7 интерактивті тақталы кабинеттеріміз бар. 4 лингафонды кабинетіміз бар.

Осы ауданның Жартытөбе ауылдық округіндегі ағайын үшін де бүгін қос қуаныш. Талай жыл арман болған ауыз су келді, елді мекенге. Ынтымақ ауылындағы  жеті мыңға жуық тұрғынның да қуанышында шек жоқ. Өйткені аыл халқы талайдан  ауыл ішін аралай ағатын арық суын тұтынып келген.

Ханзада  Есболова, Сарыағаш ауданы ынтымақ ауылының тұрғыны:

Арықтың суы біресе лай боп келеді, біресе таза болып келеді. Таза кезінде аламыз, лай кезінде ала алмаймыз. Түнде аламыз біз суды. Неге десең, түнде онша адамдар онша-мұнша тастамайды ғой, сонан кейін біз түнде аламыз суды. Міне енді кранымызға су келді. Суы арылмасын бізден.

Тіршілік нәріне бұдан бөлек тағы үш елді мекен, республикалық бюджеттен  жаңа  ауыз су жүйесін салу нәтижесінде қол жеткізіп отыр. Нысанның құны - 323 млн теңге. Өңірде су қоры болмағандықтан, екі бірдей өзеннің  суы халыққа тазартылып таратылады.

Берік Оспанов, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің  бірінші орынбасары:

4,7 км су құбыры тартылды, магистральды су құбыры. Ол  мың кубтық резервуарға келіп қазіргі таңда құйылып жатыр. Сол мың кубтық резервуардан осы төрт елді мекенге су таратылады. Ендігі жерде қазір барлық көшелерде, барлық су құбырларда су бар. Ол мәселе толық шешілді. Ендігі жерде халық тез арада созбай, әр үйге суды қойып алу керек. Енді ол шығындар аса қатты үлкен емес. Мен ойлаймын, әркім өзі қолынан келеді.

Айта кетейік, шипалы суымен даңқы шыққан Сарыағаш ауданында таза ауыз су күрмеуі қиын мәселе. Ауданның бар болғаны 38 пайызы құбыр суымен қамтылған. Басты қиындық - бұл өңірде жер асты суы жоқ. Сондықтан өзен суларын тазартып ішеді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ