$520.93 €609.07 ₽6.68
×

ШҚО-да марал өсірушілердің алтыншы халықаралық конгресі өтуде

AstanaTV
01.09.2014ж. 20:00
1697
ШҚО-да марал өсірушілердің алтыншы халықаралық конгресі өтуде

Марал өсірушілердің халықаралық қауымдастығы Өскеменде орналасуы мүмкін. Мұндай ой шығыс Қазақстанда өтіп жатқан марал өсірушілердің алтыншы халықаралық конгресінде айтылды. "Егер ондай орталық құрылса, бірқатар мәселе шешімін табады", - дейді мамандар. Мәселен, жан-жақта бытырап жүрген шаруашылықтар бірігіп, экономика мен баға саясатын ақылдасады. Және ең бастысы - сапалы өнім шығару мүмкіндігі артар еді деген ойда осы істің басы-қасында жүргендер. 

Медицина ғылымдарының докторы Александр Шакула марал шаруашылығының мәселесіне бір кісідей қанық. Осы бірегей жануарды бүге-шүгесіне дейін зерттеген. Тіпті маралды алтынға бағалайды. "Оның мүйізінде өмір нәрі бар", - дейді маман.

Александр Шакула, медицина ғылымдарының докторы, профессор (РФ):

Өнім дайындаушылар озық технологияларды қолданып, сапалы өнім шығару жолын ұстансын. Өңдеу және қолдану тісілдерін де дұрыс түсінгендері маңызды.

Марал мүйізінің емдік қасиеті ықылым заманнан аян. Пантокрин бөшкелері мен орамаларының шипасы, түрлі дәрумендер талай сырқатқа  дауа. Тек мүйізден алынатын сұйықтықты жаңа технологиямен өңдеп, сапалы дәрі-дәрмек шығару керек. Мамандардың есебінше, сонда бюджеттен денсаулық сақтау саласына құйылып жатқан бірталай миллиардты үнемдеуге болады.

Сергей Королев, марал өсіруші:

Егер медицинада пантокрин негізіндегі өнімдерді көптеп қолданатын болсақ, біздің ұрпағымыздың дені сау болады. Және бюджеттің 25 пайызын денсаулық сақтау саласына берудің қажеті болмайды.

Ирина Попова,  Алтай өңірі фармацевтика өндірісінің бастығы, (РФ):

Ұлттың саулығы, ұрпақ жалғастығы барлығымыз үшін өте маңызды сұрақ. Сондықтан бұл жиын да маңызды.

Маңызды жиында мамандар баға саясатын да шешуге тырысты. Өйткені сапалы өнімнің бағасы да жоғары болады. Дегенмен ең алдымен осы жануардың мүйізінен алынған деген жалған жарнамамен, түрлі дәрі-дәрмектің саудасын қыздырып жүрген алаяқтардан нарықты тазарту керек. Сәйкесінше, жалған өнімді ығыстыратын сапалы өнім керек. Ал қауымдастық құрылса, қаржы пайда болып, жаңа технологияларды енгізуге және шаруашылықтардың тұқымын асылдандыруға жағдай туады. Бұл ретте маралшылар облыс басшылығынан қолдау алып үлгерген.

Бердібек Сапарбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Қазір ең бастысы - өнімді шығаратын нарық қалыптастырып, марал санын сақтап, тұқымын асылдандыру керек.

Бүгінде Шығыста маралдың 50 мыңнан астам басы есептеледі. Мамандар марал санын одан сайын арттырып, сапалы өнім шығаруға сақадай сай. Тек қолдау болса дейді.

Айгүл ӘДЕПБАЙ