Петропавлда Жандос Ахметовты өлтіргендер ісі бойынша өтіп жатқан сот процесінде жаңа деректер жария болды. Бүгінгі отырысқа қаржы полициясының бұрынғы басшысы Нұрлан Шабдар қатысты. Ол Жандос Ахметов қателікпен өлтірілді деген ақпаратқа күдікпен қарайды.
Айтуынша, оның өзі «КИА» маркалы қызметтік көлікпен қатынаған. Ал Жандос Ахметовке тиесілі көліктің маркасы «Тойота Камри». Демек, екі көлік тұлпар біріне-бірі мүлдем ұқсамайды. Бұдан бөлек, олардың үйлері де бір бірінен мүлде алыс. Нұрлан Шабдар шаһардың орталығында тұрса, Жандос Ахметовтың отбасы қаладан шеткері орналасқан.
Сонымен қатар, сот процесіне куәгер ретінде қатысқан экс-қаржы полицейі өлімге тапсырыс берген В.Махмаханов мүлдем танымайтынын айтады. Ол киллердің өзін нысанаға алғанын тергеу басталғаннан кейін ғана біліпті.
Айта кету керек, Нұрлан Шабдар Солтүстік Қазақстан облысы қаржы полициясы басшылығынан биыл наурыз айында босатылған, қазір басқа орынға тағайындалуын күтіп жүр.
Нұрлан Шабдар, Солтүстік Қазақстан облысы ЭҚСЖҚК департаментінің бұрынғы басшысы:
Мен ол кезде Алматы облысы бойынша қаржы полициясының басшысы қызметін атқарып жүрдім. 2007 жылы қазақтар мен шешендердің арасында болған бүлікке қатысты істі біз тергеген жоқпыз. Демек, менің бұл іске еш қатысым жоқ. Ал Махмахановтар отбасын мен мүлдем танымаймын. Сондай-ақ Жандос Ахметовты де қалай өлтіргенін білмеймін. Себебі біздің сыртқы кейіптеріміз де бір-бірімізге ұқсамайды.
Еске салайық, өткен жылы желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысы экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары Жандос Ахметов өз үйінің кіреберісінде киллердің қолынан қаза тапты. Күдіктілер бірнеше айдан кейін ұсталды: Абдулэдир Джамалдиев, Павел Ковалев және Бинали Хукиев. Оның екеуі Ресей азаматы.
Сот отырысы өткен аптада басталды. Тергеу материалдарына сүйенсек, «қаржы полицейінің оққа ұшуы қателіктен болған. "Шын мәнінде, киллер қаржы полициясының басшысы Нұрлан Шабдарды көздеген. Ал оның өліміне шешен ұлтының өкілі В.Махмаханов есімді азамат тапсырыс берген. Оның өзіне 2007 жылы Алматы облысында қазақтар мен шешендердің арасындағы болған қырқыс түрткі болды», - дейді тергеу. Алайда оқиғаның ұйымдастырушысы Махмаханов екеніне Жандос Ахметовтың әкесі күмәнмен қарайды.
Абзал ҚҰРМАНКИН