$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Антальяға бет алған жолаушылар ұшағы Елорда әуежайына қайта қонуға мәжбүр болды

AstanaTV
02.09.2014ж. 20:00
1385
Антальяға бет алған жолаушылар ұшағы Елорда әуежайына қайта қонуға мәжбүр болды

Бүгін таңертең Астанадан Антальяға бет алған жолаушылар ұшағы 40 минуттан соң Елорда әуежайына қайта қонуға мәжбүр болды. Тасымалдаушы жолаушыларға техникалық себептерге байланысты қайта қонуға мәжбүрлік туғанын хабарлаған. Жолаушылардың айтуынша, 40 минут әуеде қалықтаған ұшаққа кері қайту үшін тағы 1 сағат уақыт кеткен. Әуежай оны бірден қабылдай алмаған. Ұшақ бортында болған тілшіміз Ботагөз Сарқұлова оқиға барысы туралы баяндады.

Ботагөз Саркулова, жолаушы: 

Біз таңғы 6,50-де ұштық. Астана-Анталья бағытындағы 501-рейс. 40 минуттан соң бізге техникалық себептерге байланысты Астана әуежайына қайту керек деген хабарлама айтты. Қайтып оралдық. Бізге бір сағаттан соң қайта ұшасыңдар деді. Одан соң 14,30-да деген екінші нұсқаны айтты. Ал қазір 12,30-да ұшамыз деді. Қандай техникалық себептерге байланысты қайта қонғанымызды ешкім түсіндірмейді. Жолсеріктер де ештеңе білмейіз дейді.

Жолаушылардың айтуынша, жерге қонған ұшақты үш өрт сөндіру көлігі қарсы алған. Алайда адамдар өрт немесе түтін белгілері байқамағандарын айтады. Рейсті ұйымдастырушы "Эйр Астана" өкілдері болса, ұшақ апатты жағдайда емес, штатты жағдайда қонды дегендерінен танбады. Техникалық себептің өзі тек күдік ретінде болған дейді. 

Тілек Әбдірахимов, «Эйр Астана» әуе компаниясының пиар менеджері:

Алдыңғы әйнекте шытынау бар деген күдік болды. Алайда жерге қонғанан кейін, ол шытынау емес, жай ғана дақ екені анықталды. Оны кетірдік. Шытынау өте салмақты ауытқуларға алып келер еді. Енді сағат 12.30-да ұшады.

Ұшақ уәде етілген уақытта әуеге қайта көтерілді. Ал әуе компаниясы өкілдері жолаушыларға ұшақ тиісті биіктікке көтеріле алмаған себепті қайта қонуға мәжбүр болғанын түсіндіріпті.

Айгүл ӘДЕПБАЙ