«Алтын
алқа» иегері Гүлбаршын Байғазина 7 баласымен Астанаға сыймай жүр. Осыдан 3 жыл бұрын бас қалаға көшіп келген
көпбалалы отбасының бүгінде бас сауғалап барар жері жоқ. 9 адамнан тұратын
жанұяға ешкім пәтерін жалға бергісі келмейді. Оған қоса, балаларының үшеуі
науқас. 2-топтағы мүгедектер. Қазір тұрып жатқан жердегі қожайындары да үйден
кетулерін талап етуде. «Жеті баламмен далада қалатын болдым»,- деп шырылдаған
ананың мұңын әріптесім Тоғжан Жалғасбекқызы тыңдады.
Мына
отырған апалы-сіңілі қыздар бір-бірімен тілдесіп отыр деп ойларсыз. Жоқ. Олар
осындай ауруға шалдыққан. Өзімен өзі күледі, сөйлейді, ашуланады. Тек дәрінің
күшімен ұйықтайды. Гүлбаршын Байғазинаның басына түскен тауқімет бұл ғана емес.
Тағы бір ұлы науқас. Дамуы тежелген. Жайлы үйде тұрып, жылы төсекке жатпаған
соң, балаларының ауруы күн санап асқынып барады. Ешкім 9 адамға қаладағы
пәтерін жалға бергісі келмейді. Сондықтан да Астанаға келгелі тек мынандай жер
үйлердің сарайларын жалға алып тұрады. Үйдің кенжесі Нұрдәулеттің мұнда тұрғысы
келмейді.
Нұрдәулет
Сәрсенғалиұлы:
Қарайып
кеткен, іштері көгеріп. Ұнамайды, жаман иіс шығады, жаураймын түнде.
Бейнетшіл
ана қыздарының өміріне алаңдайды. Ақ
халаттыларға сенбегендіктен арнайы емдеу мекемелеріне беруге қимай, өзі таңнан
кешке дейін балаларына бас-көз боп отырады.
Гүлбаршын
Байғазина:
Қазір
тіпті 1 таблеткаға 4 күн ұйықтайды. Құсып тастайды. 4-ке бөліп бергеннің өзінде
4 күн үйықтайды бала. Күнделікті қарап отырам, ары-бері шығып кетпесін деп.
Больницаға жатқызса, өліп қалады ғой. Одан да көз алдымда өлсін деп ұстап
отырмын.
Көпбалалы
отбасы 2011 жылы Елордаға Қостанайдың Арқалығынан көшіп келді. Себебі, жолдасының жұмысы осында. Екі қызы
мен бір ұлы мүгедек болғандықтан, әрі
көпбалалы отбасы ретінде сол жылы үйге кезекке тұрады. Бірақ бас қалаға келген
соң, тұрмыстары күннен күнге нашарлайды. Дәнекерлеуші болып істейтін күйеуінің
жалақысы 20 мыңнан аспайды. Ал жалға беретін үйлердің ақысы тым қымбат.
Көпбалалы ананы басшылардың немқұрайлылығы қынжылтады.
Гүлбаршын
Байғазина:
Ешкім
жағдайы төменге қарамайды. Осылай баса береді, қайта басшылардың алдына барсаң, одан сайын: "Сен неге келдің? Неге көшіп
келдің? Неге ауылда тұрмайсың?"- дейді. Мен бала-шағам үшін көшіп келдім. Енді
өзіміз оқымасақ та, балаларым оқысын деп, солар үшін өмір сүріп отырмыз.
Аяқтан
сыз өтетін үйде тұрып, дұрыс тамақтанбаса да, балаларының білімді болғанын
қалайды. Науқас ұлы қазір колледжде ақылы бөлімде оқып жүр. Ал ең кіші баласы биыл 2-сыныпқа көшті.
Алайда, киіп баратын киімдерінің бәрі ескі. Бірақ бұл Нұрдәулеттің көңілін
түсірмейді.
Гүлбаршын
Байғазина қазір 7200 болып үйде кезекте тұр. Баспананы тезірек берсе, тым
болмаса үй берілгенше әлеуметтік көмек көрсетіп, жатақханамен қамтамасыз етсе
деген оймен, қалалық әкімдікке хат жазған едік. Алайда, жауаптылар бұл өтініштердің
ешқайсысын да орындай алмайтынын айтты. Жағдайы төмен отбасылар жалғыз осы
жанұя емес, сондықтан өз кезектері келген кезде ғана үй беріледі. "Ал жатақханамен қамтамасыз етіп, әлеуметтік көмек көрсету заңда қарастырылмаған", - деді.
Тоғжан
Жалғасбекқызы, тілші:
Біз
құзырлы мекемелердің жауабын күтіп жүргенде, Гүлбаршын Байғазина 7 баласымен
далада қалды. Ұлдары достарының үйінде, өзі қалған 5 баласымен таныстарының
үйін паналапты. Ал Нұрдәулет мектепке бара алмай, 1 қыркүйекті көшеде өткізді.