$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Алматыда электромобильдер жолға шықты

AstanaTV
03.09.2014ж. 20:00
1551
Алматыда электромобильдер жолға шықты

Бензинге қатысты дүрбелең басылмай тұр. Жанармай құю бекеттерін жағалап, АИ-92 бензині үшін ұзын-сонар кезек күткен жүргізушілерге Энергетика министрі өз ақылын айтты. Шенеунік қазақстандықтарды жанармайды үнемдеуге шақырды. Десе де, кейбір алматылық жүргізушілер бұл мәселенің шешімін тапқандай. Олар электромобильдерге отыра бастады. Ал тағы бір өнертапқыш бензинге тәуелсіз отандық спорт көлігін ойлап тапты. Алайда оның өнертабысы өзге автомашиналарға қаншалықты бәскелес бола алады. Тілші тарқатып айтады. 

Алматылық кәсіпкер Бауыржан «Тесла» маркалы автокөлікті алғаш шетелге барған сапарында көреді. Алғашқы тест-драйвтан соң, электрлі көлікті сатып алуға шешім қабылдайды. Оны автокөліктің экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімділігі қызықтырған. Машинаның қуаты 367 ат күшіне тең.

Бауыржан, кәсіпкер:

Көлік 4,7 секундта 100 шақырымға дейін қозғалады. Бұл жерде жанармайлы қозғалтқыш сияқты емес, батарея бір сәтте барлық күшті пайдалануға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл болашақтың машинасы.

Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімімен енді электромобильдер елімізге баж салығынсыз жеткізіле бастамақ. Ол үшін арнайы жанармай бекетін салудың да қажеті жоқ. Көлікті кәдімгі тұрмыстық электр көздерінде де қуаттандыруға болады. Электр күшін жинау үшін 6-7 сағат уақыт кетеді. Ал оның қуаты орта есеппен 200 шақырымға жетеді. Әрине, мұндай көлікпен алыс жолдарға шығу қазір инфрақұрылымның жоқтығынан мүмкін болмай тұр.

Бауыржан, кәсіпкер: 

Бұл көлік қазір қалада ғана жүруге арналған. Егер Батыс Қытай-Батыс Еуропа бағытындағы авотрассалардың бойындағы жанармай құю бекеттерін заң жүзінде арнайы электроқұрылғылар орнатуға мәжібүрлесе, алыс жолдарға да шығуға болады. Ол үшін трансформатор мен бағаналар орнатса болғаны.

Десе де алматылық бір топ өнертапқыш отандық электромобильді құрастыруға кіріскен. Олар осы жылдың соңына дейін бұл жобаны аяқтамақшы.

Жаңа көлік қуатты әрі шетелдік нұсқаларға бәсекелес бола алатын жоба болады. Эксклюзивті дизайны мен өзіндік ерекшелігі оның нарықтағы сұранысын арттырмақ.

Тайыр Балбаев, өнертапқыш:

Меніңше, бұл желден де жылдам болады. Қозғалтқыштағы күші метріне 400-600 Ньютонға дейінгі жиілікпен айналады. Ал редуктор арқылы бұл күш 1200-1600 ньютонға тең. Демек орнынан қозғалғанда, алдына жан салмайтын болады.

Бұл автокөлік те кәдімгі үйдегі электр нүктелерінен қуат ала береді. Құрастырушылар "ЕХРО-2017" көрмесіне қатысуға ұсыныс білдіріген. Егер инвесторларды қызықтырса, көлік өндірісін жолға қоюға болады. Олардың есебінше, жылына 20 электромобиль құрастыруға болады. Бірақ оның құны шамамен 60 мың АҚШ долларынан кем болмайды. Егер елімізде қажетті аккумулятор шығаратын өндіріс пайда болса, көлік құны екі есеге арзандайды. Бір сөзбен айтқанда, отандық электрлі автокөлік жанармай тапшылығы мен қалтадағы қаржыны үнемдеуге таптырмас мүкіндік.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ