Үкімет өз өкілетінің бірсыпырасын орталық атқару органдарына, ал олар өз
кезігінде жергілікті атқару органдарына таратып бермек. Санмен айтсақ, 1600-ге
жуық қызмет министрліктерге қайтарылмақ. Ал жергілікті әкімдіктерге 260-тан
астам қызмет беріледі.
Бұл туралы мемлекеттік басқару деңгейлері
арасындағы өкілеттіліктердің ара жігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер
мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын депутаттарға таныстарған Ұлттық
экономика министрі Ерболат Досаев мәлімдеді.
Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Жалпы заң жобаларын іске асыру республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді
қажет етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға
әкелмейді. Сонымен бірге, заң жобаларын қабылдау «жинақы» үкімет қалыптастыруға
орталық және жергілікті атқарушы органдардың дербестігі мен жауапкершілігін
күшейтуге, құжат айналымын оңтайландыруға және көрсетілетін мемлекеттік
қызметтерді тұтынушыларға жақындатуға мүмкіндік береді.
Тұтынушылардың мүддесін күйттеген заң жобасы аясында
ауыл шаруашылығы, әлеуметтік, көлік және байланыс, энергетика, жер қатынастары,
тұрғын үй коммуналдық бағыттарындағы бірқатар пәрменділіктер үкіметтен алынады.
Алайда депутаттар құзыретті жергілікті органдарға беріп қоюдың арты неге әкеп
соғады деп алаңдады. Әсіресе, бақылаудың жоғын санады. Бақылау үкімет тарапымен
қоса жергілікті жерлерде де жүруі тиіс. Бұл ретте мәслихаттардың жұмысын
жақсарту керек.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, "Нұр Отан" партиясы фракциясының жетекшісі:
Бүгінде мәслихаттардың тәуелді екені жасырын емес. Олар әкімге тәуелді.
Әкімнің бюджетке кіргізген өзгерістерін, арман-тілектерін орындап отыр.
Мәслихаттар әкіммен келіспеді деген жағдай есімде жоқ. Сондықтан осындай үлкен
өкілеттіліктерді беріп қойып, біз бақылау жүйесін ойлаған жоқпыз. Жергілікті
жерлерде қызметін асыра пайдалану жағдайларын қалайша болдырмаймыз? Мысалы, қазір әкімдіктерге жер қатынастарын реттеу құзыретін беріп жатырмыз. Ал облыс
басшыларының жер мәселесін қалай шешетінін жақсы білеміз. Көптеген жер оның
туыстарының меншігінде қалып жатады.
Гүлнәр Сейтмағанбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан"
партиясы фракциясының мүшесі:
Үкіметтің айтуымен біз барлық нормативтік құқықтық құжатты дайындауды
үкіметке бердік. Қаулы, ереже, жаңағы сіз айтқандарды, енді бір жыл өткен жоқ, оның барлығын министрлікке беріп жатырмыз. Сол кезде депутаттар тарапынан
осының тиімділігі туралы күмән туған кезде, сіздер айттыңыздар, министрліктер
өздеріне артық функция алып алады, артық компетенция алып алады, бұл
жемқорлыққа алып келеді. Сондықтан біз барлық қаулыларды үкіметте бекітуіміз
керек. Үкімет басшылық жасау керек деген уәж болған. Бір жүйелілік
жоқ та.
Жүйелілік жоқ деп сынағанымен, депутаттар заң жобасын оныншы
қыркүйекте бірінші оқылымда талқылайды.