$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елбасы Ақмола облысына жұмыс сапары барысында бірқатар өндіріс орындарында болып қайтты

AstanaTV
04.09.2014ж. 13:00
1235
Елбасы Ақмола облысына жұмыс сапары барысында бірқатар өндіріс орындарында болып қайтты

Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысындағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен және агрокәсіпорындардың басшыларымен кездесуде - елімізде дәнді дақылдардың өнімділігін арттыруды міндеттеді. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Шаруалармен жүздеспес бұрын, Елбасы «Аскөп» ЖШС-нің егіс алқабындағы астықтың жағдайымен танысып, қолданыстағы ауыл шаруашылығы техникаларының үлгілерін көріп шықты. Мемлекет басшысы бүгінгі күні ауыл шаруашылығы саласына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың жылдан-жылға артып келе жатқанын айтты. Өңірдегі «Ақ бұлақ» бағдарламасының жүзеге асырылуына да жеке тоқталды. Мал азығы дақылдарын егетін алқаптарды кеңейтіп, Ресейге және басқа елдерге экспортқа ет өнімдерін шығару қарқынын арттыруға тапсырма берді.

Нұрсұлтан Назарбаев
, Қазақстан Республикасының Президенті:

69 өңдеуші өндірістің алпысы жобалық қуатына жетпей тұр. Осыны қолға алыңдар. Пайдаланылмаған жерлерді қайтарып, кәсіпорындарды іске қосуымыз керек. Енді, азық-түлікке сұраныс күннен-күнге артады. Ресейге экспортқа шығуға мол мүмкіндіктер болып тұр.

Ақмола облысына сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаев Көкшетаудағы жаңадан салынған қос бірдей жаңа әлеуметтік ғимаратты аралап шықты. Алдымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған Теннис орталығында болды. Жалпы, құны 765,2 миллион теңгені құрайтын спорт ғимаратында 3 жабық, 3 ашық корт және қосалқы орынжайлар бар.

Одан соң, Президент «Достық үйін» аралап көрді. Өңірдегі 45 этномәдени бірлестіктің 20-сы тұрақты түрде осы Достық үйінде жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Елбасы тағы бір мәрте баянды болашақтың кілті бірлікте екенін еске салды. Мемлекет басшысының жұмыс сапары бүгін Солтустік Қазақстанда жалғасады.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ