$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Астанада Shape Eurasia форумы өтеді

AstanaTV
03.09.2014ж. 20:00
1231
Астанада Shape Eurasia форумы өтеді

Әлем елдерінің жас лидерлері Астанада бас қоспақ. Назарбаев университетінде 6-7 қыркүйекте Shape Eurasia форумы өтеді. Тұңғыш рет «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Елордада ұйымдастырылатын жиынға әлемнің 45 елінің 100 жас лидері келмекші.

Әлемнің 45 елінен келетін түрлі саладағы 100 жас лидер тұрақтылықты қамтамасыз ету, жастар үшін тиімді әлеуметтік лифті қалыптастыру жайын сөз етпек. Сонымен қатар, Қазақстанның этникааралық және конфессияаралық диалог құрудағы моделін оқып, үйренбек. Адамзат бүгінде ғаламдық дағдарыспен бетпе-бет келіп отыр. Оған қоса халықаралық қатынастар жүйесі өзгеріп, жаңа құбылыстар мен қауіп-қатерлер пайда болды. Соған орай, жас көшбасшылардың көзқарасын біліп, жаңа шешімдер шығару маңызды, - дейді форум ұйымдастырушылары. Жас лидерлердің форум бағдарламасы аясында Астанада Қазақстан тарихының ұлттық музейін тамашалауы, «АЛЖИР» лагерінің тарихымен танысуы жоспарланған.

Айта кетейік, жас көшбасшылар қауымдастығы 2011 жылы Швейцарияның бастамасымен құрылған болатын. Бүгінгі күні әлемдегі 356 қалада осы қауымдастықтың орталықтары бар. Ал 2012 жылы Астанада ашылған көшбасшылар қауымдастығының қазіргі таңда 15 мүшесі бар. Нұротандықтар форумнан оңды нәтижелер күтуде.

Саясат Нұрбек
, «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры:

Біз үшін, «Нұр Отан» үшін бұл маңызды бір жоба деп ойлаймыз. Біріншіден, Қазақстанды таныстырамыз. Екіншіден, осы көшбасшылар арқылы біз жаңа шешімдер, жаңа көзқарастар, жаңа пікірлер жинап аламыз. Үшіншіден, 100-ден астам Қазақстанның жаңа елшілері пайда болады. Олар барып сосын Қазақстан туралы ауыз толтырып айтады.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ