Заңдастырудың екінші толқыны басталған алғашқы үш күн ішінде еліміздің
Астана, Ақтөбе қалалары және Ақмола облысы белсенділік танытып отыр. Жылжымайтын мүлік, құнды қағаз, ақша, шет елдегі жылжымайтын мүлікті рәсімдеуге
тек елорда әкімдігінің өзіне 140-тан астам өтініш келіп түсіпті. Заңсыз қаражат
көзі мен мүлікті заңдастыруға рұқсат беру туралы бастаманы Мемлекет басшысы
үстіміздегі жылдың сәуірінде көтерген болатын.
1 қыркүйекте басталған науқан
2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. Азаматтарымыз қылмыстық емес
жолмен табылған кез-келген ақшасын осы аралықта заңдастыра алады. Айта кетейік,
легализацияның бірінші толқыны кезінде мемлекетіміз 60 миллион теңге қаражатты
рәсімдеген. Алайда кезекті науқанда жауапты министрлік өкілі қанша қаражат
көлеңкеден шығатынын басып айта алмады.
Ардақ Теңгебаев, ҚР қаржы вице-министрі:
Осы жолы жария ету кезінде түсетін түсімді болжау өте қиынға соғып отыр.
Өйткені қазіргі механизмдердің барлығы заңда қарастырылған ақшаны жария еткен
адамға мүмкіншілік береді де, алым төлемей жария еткен ақшаны қолдануға.
Сондықтан қазір болжау қиын болып отыр.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ