$513.74 €569.17 ₽6.33
×

Қазақстан сегіз жарым миллион тоннаға дейін астықты экспорттай алады

AstanaTV
04.09.2014ж. 20:00
1460
Қазақстан сегіз жарым миллион тоннаға дейін астықты экспорттай алады

Қазақстан биыл және алдағы жылы сегіз жарым миллион тоннаға дейін  астықты экспорттай алады. Азық-түлік корпорациясының есебі осындай. Дегенмен корпорация сатып алу бағасын әлі айтпай отыр. Әзірге 15-18 млн тонна шамасында астық алынады деген болжам бар. Алайда осы саладан нанын тауып жүргендер ел мамандарының статистикасына күдікпен қарайды. Ал Қазақстанның қанша астық жинайтынын отандық мамандар емес, Америка Құрама Штаттары дәл есептеп қоятынын айтады.

Владимир Стороженко, нан қабылдау пунктінің бастығы, сарапшы:

Негізінен Қазақстан қанша астық жинағанын білмейді. Нақты санды америкалықтар біледі. Ал біздің статистика шындықты көрсетпейді. Ол болжамдарға құрылған. Ору науқаны аяқталды, сондықтан біз қанша астық жинағанымызды, олардың қайда сақталатынын, сапасы қандай екенін білуіміз керек. Ал біздегі сандар нақты емес. Сосын ішкі нарықтағы тұтыну артты дегенді айтады. Негізі Қазақстан ішкі нарықта сонша көп бидайды тұтына алмайды. Бізде халық саны аз, мал шаруашылығы да ауқымды емес.

Статистикада нақты сан болмағасын, ол бұлыңғыр баға саясатына әкеліп, алаяқтардың әрекетіне жол ашады дейді сарапшылар. Ал сатып алу бағасы шамамен күздің ортасында белгілі болмақ.

Нұржан Мұхамеджанов, «Азық-түлік» корпорациясы» АҚ коммерциялық департамент директорының міндетін атқарушы:

"Азық-түлік корпорациясының" сатып алу құны бидай нарығындағыларға стратегиялық бағытын анықтау үшін түрткі іспетті. Сондықтан да баға туралы айту ертерек. Корпорацияның бағаны ресми түрде жариялауын күтейік.

Азық-түлік корпорациясының бағаға қатысты болжам жасауға батылы бармаса да, кейбір сарапшылар сайрап жүр. Бидайдың бір тоннасының сатып алу құны отыз мың теңгеден төмен болады дейді. Айта кетерлігі, қазір қоймаларда жатқан бидай қоры былтырғы жылмен салыстырғанда, едәуір азайып қалған көрінеді. Баға саясатына бұл жағдай да әсер етуі мүмкін дейді мамандар. Ал қазақ астығын көп мөлшерде тұтынатындар әдеттегідей орталық Азия елдері, Иран, Грузия, Әзірбайжан.

Теңізге тура жол болмағандықтан, алыс шетелге экспорттау қиын екені белгілі. Ал Киев біздің бидайды Қара теңізде қалған порттары арқылы шығаруға мүмкіндік болмайтынын айтады. Ресейдегі өнімнің жақсы екенін және жол шығынының тиімсіз екенін ескерсек, Қара теңіз транзиті жабық дейді Владимир Стороженко. 

Владимир Стороженко, нан қабылдау пунктінің бастығы, сарапшы:

Біз бүгінде Ресей порттарына тәуелдіміз. Тіпті олар порттарын бере ме, жоқ па, ол жағы да маңызды емес сияқты. Өйткені біздегі элеваторлардан аталмыш порттарға жету үшін, қыруар қаржы кетеді. Мәселен, Новороссийскке астық жеткізу үшін, жолға жүз қырық доллар көлемінде төлейсіз. Сондықтан да бидай бағасы өте жоғары болып, ол бәсекеге қабілетті болмай қалады.