$529.44 €617.06 ₽6.76
×

Ұйқы ауруына шалдығу қайта жиілегендіктен, арнайы комиссия құрылады

AstanaTV
04.09.2014ж. 20:00
1209
Ұйқы ауруына шалдығу қайта жиілегендіктен, арнайы комиссия құрылады

Ақмола облысы Калачи кенті тұрғындарының арасында «ұйқы ауруы» дертінің қайта тіркелуіне байланысты, Үкімет тапсырмасымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында Энергетика министрлігі, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Ұлттық экономика, Ішкі істер министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бар. "Сондай-ақ, облыс әкімдігі мен бірқатар ғылыми-зерттеу институттардан өкілдер тартылды", - деп Денсаулық сақтау және Әлеуметік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін жұмыс тобы  кешенді зертханалық-клиникалық зерттеу жүргізу үшін, Калачи кентіне аттанды. Зерттеу нәтижелері жұмыс қорытындысы бойынша жарияланады. Ақмола облыстық ішкі істер департаменті хабарлауынша, "ұйқы ауруы" белгілері байқалған тағы 3 адам  ауруханаға жеткізіліпті. Хабарламада айтылғандай, 2 қыркүйекте аталмыш аурумен емделіп жатқан науқастар саны 15 болса, бүгінгі мәліметтер бойынша, 60-тан асып кеткен.

Калачи ауылының тұрғындары арасында өткен жылдың наурызынан бастап ұйқышылдыққа душар болатындар көбейіп кетті. Науқастар есте сақтау қабілеттерінің нашарлағанын, түрлі галлюцинациялардың көрінгенін айтып шағымданған. Дәрігерлер әзірге бұл құбылысқа «этиологиясы белгісіз энцефалопатия» деген диагноз қойып отыр. Ал оның таралу себебін әзір ешкім түсіндіре алмайды.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ