Тараздағы
«Ауыл-береке» базарында жарылыс жасамақ болған күдіктілер ұсталды! Бұл туралы
Жамбыл облыстық ІІД хабарлама таратты. Еске салайық, 30 тамызда «Ауыл-береке» базары әкімшілігінің
алдына қаскөйлер ішіне жарылғыш заттар толтырылған «Ауди» автокөлігін тастап
кеткен. Мемлекеттік нөмірі жоқ темір тұлпар ішінде 50 литрден астам бензин толы
құтылар мен газ баллондары болған. Кенеттен көлік ішінен түтін будақтап, оны
дер кезінде сөндірген еді.
Сондай-ақ, 5
қыркүйекте аталған базар тағы да дүрліккен еді. Белгісіз біреулер «базарда
бомба бар» деп құзырлы органдарға қоңырау шалған. Салдарынан құтқарушылар 5 жарым
мың адамды эвакуациялаған болатын. Алайда ақпарат жалған боп шыққан.
Қазір осы
қос бірдей қылмысты жасады деген күдікпен екі тұрғын ұсталды. 29 бен 30 жастағы
күдіктілер уақытша қамауға алынған. Тергеу амалдары жалғасуда.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ