Полицейлерді аяғынан тік тұрғызған улы
цезий табылды. Маңғыстау облысында жоғалған радиоктивті
зат Қызылорда облысында болып шықты. Бұл туралы ІІМ-нен хабарланды.
Қызылордалық тұрғын белгісіз
біреулердің улы затты КамАЗ көлігімен тасымалдап бара жатқанын айтып
полицейлерге хабарласқан. Сол сәттен бастап
тек облыстағы ғана емес, өңірге жақын бүкіл жол-патрульдік полициясы күдікті
көліктерді тоқтатуға кіріседі. Сөйтіп, Шиелі ауданына қарасты
аумақта көлік тоқтатылып, ішінде улы капсулалардың бар екені анықталды. КамАЗда
жүргізуші мен қоса тағы бір азамат болған, екеуі де қамауға алынды. Сондай-ақ
бұл заттың жоғалуына жол берген жауапты азаматтардың үстінен қылмыстық іс
қозғалды.
Айта өтейік, аса улы радиоктивті зат
Оралдан Ақтауға жеткізілуі тиіс болатын. Бірақ
Маңғыстау облысы аумағында жоғалып кетеді. Бір аптадан астам уақыт іздестіру
шаралары жүргізілді. Соңында цезийді тапқан адамға 1,5 млн теңге көлемінде
сыйақы берілетіні хабарланған. «ҚазПромГеофизика» компаниясы капсуланы табуға
көмектескен қызылордалық азаматқа сыйақыны жеткізуге уәде берді.
Илхам ИБРАГИМ