Құрама штаттар аса қауіпті Эбола
дертімен күреске шындап кірісті. Бұл мақсатта
Африкаға өз әскерлерін аттандырмақ. Бұл туралы ВВС арнасына берген сұхбатында
америкалық президент Барак Обама мәлімдеді.
Оның айтуынша, әскерилер ең алдымен
медициналық құралдар мен изоляторларды орнатумен айналыспақ. Бұған қоса олар әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жатқан
дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. «Вируспен
күрес айларға созылуы мүмкін», - деп атап өтті Барак Обама.
Айта кетейік, жуырда АҚШ Эболаға қарсы
күреске 75 миллион доллар бөлген болатын. Аталған
қаражат Либерияның медициналық орталықтарына жолданбақ. Осының арқасында
науқастар қосымша жатын орындармен қамтылып, дәрігерлерге вирустан сақтайтын
киімдер сатып алынбақ. Бүгінде АҚШ-та Эбола вирусын жұқтырып алған үшінші адам
ауруханаға жатқызылды. Ол Либериядағы христиандық қайырымдылық ұйымында қызмет
еткен.
Айта кетейік, Эбола вирусын бүгінде үш
жарым мыңға жуық адам жұқтырған, екі мыңға жуығы мерт болған.
Жұрағат БАМАН