Қазақстанның бейбітшілік пен келісімді
қамтамасыз етудегі тәжірибесін әлем елдері үлгі етуде. Өткен демалыс күндері Астанада өткен «Shape Eurasia 2014»
форумында жас лидерлер осылай деді. Жиында талқыланған негізгі тақырып - «Мульти мәдени және дінаралық сұхбат құру» жайы болды. Сондай-ақ, шейперлер Жастар үшін әлеуметтік
лифттерді дамыту, 21-ғасырдағы білім беру жүйесі мен жастар кәсіпкерлігін
дамыту жайын сөз қылды. Бұл форум Дүниежүзілік экономикалық форум бекіткен
«Global Shapers Community» әлемдік көшбасшы жастар қауымдастығының жобасы. Жас
лидерлер екі күн бойы қоғамға пайдалы жобаларын ұсынып, жаңа идеялар мен
ілкімді бастамалар көтерді. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткен форумға
әлемнің 45 елінен 100-ге жуық жас лидер келді.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Елімізде 2 жыл бұрын ашылған шейперлер қауымдастығы өзінің тиімділігін
көрсетті. Әр үлкен жобаның артында бір
көшбасшы тұрады. Қазақстанда халықтың тең жартысы 30-жасқа дейінгілер.
Жастардың өмірден өз орындарын табуға жағдай жасау біз үшін бірінші кезектегі
мәселе. Жаһандық экономикалық дағдарыс - жаңа қауіп-қатерлерді әкелуде. Дегенмен, жаңа мүмкіндіктер
де тууда. Қарқынды өркендеудің бірден бір жолы - кәсіпкерлікті дамыту. Сол үшін жастарға дайын балық емес, оны аулау үшін қармақ беруіміз керек.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ