Шымкентте қажылық сапарға
аттанатындардың діни сауатын арттыратын арнайы курс ашылды. Тұңғыш рет қолға
алынған шараға облыстық орталық мешіт өкілдері ұйытқы болды.
Мұсылманның бесінші парызы - қажылық
сапарында жасалатын парыздар мен ондағы ережелер келушілерге тегін
түсіндіріледі. Ұлы парызды өтеудегі кейбір шарттарды білу, Алла алдындағы
құлшылықтың толық болуына сеп, - дейді дін өкілдері. Үлкен сапар алдында
беріліп жатқан басты кеңестердің бірі - Ихрам, яғни киімге қатысты болды. Өйткені бұл орындалатын басты үш парыздың бірі. «Қалай орану керегін осы жерде үйретіп жібергеніміз абзал.
Егер Ихрамды дұрыс оранбаған жағдайда айыппұл төлеу міндеттеліп жатады», - дейді ұйымдастырушылар. Түркия мен малайзиялық
әріптестерінің тәжірибесіне сүйенген имамдар Меккеге баратын азаматтарға барлық
шарттарды мейлінше түсіндіруде.
Мұхамеджан Естеміров, Оңтүстік Қазақстан облысы бас имамының
орынбасары:
Қажылық кезінде не істеу керек, тәуап жасау деген болады. Сафа-маруа арасында жүру деген мәселелер болады. Одан кейін
ол жердегі ұсақ-түйек іс-шаралардың көпшілігін білмейтінін аңғарып отырмыз. Міне, осындай олқылықтарды болдырмау үшін біз
кісілерге ұйымдастырып, түсіндіріп отырмыз.
Тұрақбай Тойшиев, Қазығұрт ауданының тұрғыны:
Қажылыққа барғанда сабырлы болуымыз керек екен. Біреуге зиян қылмауымыз керек екен. Шыбынды да өлтірмеуіміз
керек. Көгеріп тұрған шөптің басын да жұлмауымыз керек екен. Соны үйретіп жатыр
екен бізге, құдай
қаласа.
Айта кетейік, мұндай шара бүкіл облыс
аумағындағы мешіттерде қолға алынған. Бесінші
парызды орындауға әйел-аналарымыз да ниетті. Арнайы сабақта олардың үйренері аз
емес. Биыл қажылық сапарға елімізден бес мыңнан астам адам ниет етіп отырса,
соның екі мыңдайы Оңтүстік Қазақстан облысының азаматтары.
Айжан ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ