Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Шымкентте қажылыққа баратындар үшін курстар ашылды

AstanaTV
08.09.2014ж. 20:00
1357
Шымкентте қажылыққа баратындар үшін курстар ашылды

Шымкентте қажылыққа баратындардың діни сауатын артыру үшін, арнайы курстар ашылды. Мұндай шара ел аумағында тұңғыш рет қолға алынып отыр. Игілікті іске мұрындық болған облыстық орталық мешіттің дінбасылары. Айта кетейік, биыл Оңтүстік Қазақстан облысынан екі мыңнан астам жамағат мұсылманның Ұлы парызын өтеп қайтуға ниет етіп отыр.

Әбдуәли қажы Алла үйіне қарай асыға басып келеді. Қажылыққа екінші рет барғалы жатқан ол, қасиетті парыздың ережелерін толық өтеп қайтуды армандайды. Курсқа қатысып, діни сауатын арттырмақ. 

Әбдуәли қажы Асанов:

Сафа мен маруаның арасында жүргенде, өзінің ғибадаттары болады. Арафатта жүргенде, Мұзталифада, мина долинасында құрбан шалған кездегі кейбір дұғаларды біздер сол кездерде білмедік те, сол енді осы кемшіліктерді жою мақсатында осы мешіттегі курстарға қатысып, кемшіліктің бәрін жаттап, толықтырып жатырмыз.

«Ұлы парызды өтеудегі кейбір  шарттарды білу - Алла алдындағы құлшылықтың толық өтелуіне сеп болады», - деген дін өкілдері қажылық сапарындағы  ережелерді жамағатқа арнайы түсіндіріп жатыр. Дәріс тегін. 87 жастағы Тұрақбай ақсақал үшін бұл сабақтың маңызы бөлек. 

Тұрақбай Тойшиев:

Қажылыққа барғанда, сабырлы болуымыз керек екен. Біреуге зиян қылмауымыз керек екен. Шыбынды да өлтірмеуіміз керек. Көгеріп тұрған шөптің басын да жұлмауымыз керек екен. Соны үйретіп жатыр екен бізге, құдай қаласа.

Үлкен сапар алдында беріліп жатқан басты кеңестердің бірі - Ихрам, яғни киімге  қатысты болды. «Өйткені бұл сапарда орындалатын басты үш парыздың бірі - Ихрамды дұрыс орандамаған жағдайда, айыппұл төлеу міндеттеліп жатады», -дейді ұйымдастырушылар.

Мұхамеджан Естеміров, ОҚО бас имамының орынбасары:

Кезінде  талай қажыларымыз барып, түсінбестік болып, айқау-шу шығарып, сондай келеңсіз оқиғалар болғаны рас. Ендің сондай оқиғалар болмау үшін, қажыларға алдын ала дайындық ретінде осы курс ұйымдастырылып отыр. 

Биыл қажылық міндетті өтеуге еліміз бойынша бес мыңнан астам адамға квота бөлінген. Соның екі мыңдайы оңтүстіктің азаматтарына тиесілі. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ