Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Елордалық «Барыс» Хабаровск қаласының «Амур» клубын 3-2 есебімен жеңді

AstanaTV
08.09.2014ж. 20:00
1161
Елордалық «Барыс» Хабаровск қаласының «Амур» клубын 3-2 есебімен жеңді

Елордалық «Барыс» командасы жанкүйерлерін тағы да қуантты. Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында Хабаровск қаласының «Амур» клубын қабылдаған Андрей Назаровтың шәкірттері 3-2 есебімен басым түсті. Спорт жаңалықтары Самат Қанағатовтың топтамасында.

Бұған дейін «Салават Юлаев» клубын жеңген «Барыс» хоккейшілері бұл жолы «Амур» командасының алдын орап кетті. Ойындағы алғашқы шайбаны айдын иелері сапында Роман Старченко соқты. Қарымта шабуылға шыққан қонақтар үзілістен кейін есепті теңестірді. Растислав Шпиркодан пас алған Дмитрий Тарасов мүлт кетпеді. Бірақ «Амур» хоккейшілерінің қуанышы көпке созылмады. Жылдам шабуыл ұйымдастырған Андрей Назаровтың шәкірттері есепті еселеді. Алыстан мықты соққы жасаған Майк Ландин командаластарының қуанышына бөленді. Дегенмен, намысқа тырысқан ресейлік клуб бұл сәтте қарап қалмай, Руслан Башкировтың көмегімен таразы басын теңестірді. Негізгі уақыт пен овертаймда  жеңімпаз анықталмағандықтан, командалар булит сериясында бақ сынап көрді. Бұл лотореяда жолы болған «Барыс» командасы жеңісті қонақтардан жұлып әкетті. Найджэл Доус команда қоржынына екі ұпайды салды.



Велоспорттан «Вуэльта» марафоны жалғасуда. 15-кезеңде командалар «Лагос де Ковадонга» шыңын бағындырды. Жарыс басынан пелатоннан ұзап кеткен Польша спортшысы Пшемыслав Немец кезең жеңімпазы атанды. «Лямпре» клубының өкілі 152 шақырымнан тұратын жарыс жолын 4 сағат 11 минут 9 секундта бағындырды. Жеңімпаздан 5 секундқа қалып қойған Алехандро Валверде екінші орынға жайғасса, үшінші сатыны испаниялық Хоаким Родригес еншіледі. «Астана» командасының капитаны Фабио Ару мәре сызығын, 5-ші болып кесті. Жалпы есепте өзгеріс жоқ. 15-кезеңнен кейін Альберто Контадор көш басында қалды. Одан 2 минут 22 секундқа қалып тұрған Фабио Ару әзірге 5-ші сатыға табан тіреді.



АҚШ теннисшісі Серена Уильямс «Америка ашық чемпионатының» жеңімпазы атанды. Ақтық сында 32-жасар спортшы  Дания спортшысы Каролина Возняцкиді екі сетте жеңді. Кездесу басынан ойын тізгінін толығымен қолына алған жарыс иесі қатарынан екі сетте 6-3,6-3 есебімен жеңіске жетті. Жалпы «US Open» турнирінің бас жүлдесін Уильямс 6 мәрте иеленді.  Ал «Үлкен шлем» жарыстарында бұл АҚШ спортшысының 18-ші жеңісі. Оның алдында тек атақты Штефи Граф пен Австралия рекордсмені Маргарет Корт. Граф 22 ірі жарыста топ жарса, Корт 24 «Үлкен шлемнің» иесі. Марапаттау салтанатында бұл жетістігіне орай әйгілі теннисшілер Крис Эверт пен Мартина Навратилова Серена Уильямсқа алтын білезікті сыйға тарты.  Аталған екі спортшы да ірі жарыстарда 18 рет үздік шыққан.

Самат ҚАНАҒАТОВ