Елордалық
«Барыс» командасы жеңіс шеруін жалғастыруда.
Бұған дейін «Салават Юлаев» және «Амур» хоккейшілерін жеңген Андрей
Назаровтың шәкірттері бұл жолы Владивосток қаласының «Адмирал» клубын айналып
өтті. Бұл жетістігінен кейін қазақстандық команда «Шығыс» конференциясының көш
басына шықты.
«Қазақстан»
спорт сарайында өткен кездесу айдын иелері үшін сәтті басталды. Кезекті
шабуылдың бірінде Николай Антроповтан пас алған Константин Руденко есеп ашты.
Бұл шайбадан кейін шабыттанған «Барыс» командасы араға 4 минут салып, есепті
еселеді. Бұл жолы да мергендігімен танылған Руденко дубльдің авторы атанды.
Бірінші кезеңде екі шайбамен шектеліп қалмаған Андрей Назаровтың шәкірттері
«Владивосток» клубының қақпасына үшінші шайбаны соқты. Бұл сәтте Дастин Бойд
мүлт кетпеді. Бұл ойында жасындай жарқыраған Константин Руденко екі шайбаны
аздық етіп, үшінші кезеңде хэт-триктің авторы атанды.
Велоспорттан
«Вуэльта» марафонының бас жүлдесінен дәмелі Альберто Контадор өз мықтылығын
тағы бір мәрте дәлелдеп берді. 16-кезеңде командалар төрт бірдей бірінші
дәрежелі шыңды бағындырды. Таулы аймақта өткен кезеңде жалпы есептің көшбасшысы
«Тинькофф Саксо» клубының капитаны жеңіске жетті. Мәре сызығына 1 шақырым
қалғанда Испания спортшысы өзінің басты қарсыласы ағылшын спортшысы Кристофер
Фрумды артқа тастады. «Астана» командасының капитаны Фабио Ару бұл кезеңді 6-орында аяқтап, жалпы есепте 5-сатыда қалды. Жарыс ұйымдастырушылары бүгін
командаларға демалыс берді.
Самат ҚАНАҒАТОВ