$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Павлодар облысында көмір қалдықтарынан кірпіш жасалуда

AstanaTV
10.09.2014ж. 10:00
1264
Павлодар облысында көмір қалдықтарынан кірпіш жасалуда

Павлодар облысында жаңа кірпіш зауыты іске қосылды. Екібастұз қаласында ашылған кәсіпорын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қаржыландырылған. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 36 млн дана кірпішті құрайды.

Сөйтіп, өңірдің құрылыс саласында бұл өнімге тапшылық мәселесі шешілмек, - дейді зауыт басшылығы. Кәсіпорын заманауи жапондық құрал-жабдықтармен жарақталған. Шығарылған өнім бірден зертханалық сынақтан өтеді. Сондықтан да, оның сапасына ешқандай кінәрат болмайды, деп сендірді зауыт мамандары.

Тағы бір ерекшелігі - пайдаланылатын шикізатта. Өндіріс барысына жергілікті кеніштердегі көмір қалдықтары қолданылуда. Дайын өнім Астана, Қарағанды және Павлодар аймақтарына саудаға шығарылады деп жоспарланған. Бұл кірпіштерден болашақта балабақшалар, мектептер мен емханалар ғимараттары тұрғызылмақ. Зауыттың іске қосылуымен 110 жаңа жұмыс орны ашылды. Жақын арада еңбеккерлердің саны тағы 30-40 адамға толықпақшы.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ