$529.44 €617.06 ₽6.76
×

Тараз саудагерлері «бомба бар» деген жалған ақпараттан шаршады

AstanaTV
11.09.2014ж. 10:00
2199
Тараз саудагерлері «бомба бар» деген жалған ақпараттан шаршады

Таразда «Ауыл Береке» базарының саудагерлері шу шығарды. Айтуыларынша, «базарда бомба бар» деген апта сайын тарайтын жалған ақпар саудагерлерді әбігерге салып отыр.

Айта кетейік, соңғы бір ай ішінде аталған базарда бомба бар туралы құзырлы орындарға 5 рет хабар түскен. 5 жарым мың саудагері бар базардағы бұқара бүгінде бомба десе төбе шашы тік тұрады. Оған қоса, саудагерлер базарға тиіп тұрған аялдаманы алып тастаған билікке наразы. Жаңа аялдама базардан екі шақырым жерге көшіріліпті.

Бізге керек аялдаманы алып тастағаны қалай? Адамдар базарға келе алмай жатыр. Қарт кісілер қиналып, бала-шаға шақырым жер жүріп жатыр. Аялдаманы орнына қойсын деп талап етеміз.

Құдайдың құтты күні бомба-бомба деп берекемізді алады. Не сауда жоқ. Құқық қорғау органдары қайда қарап отыр. Бізге тыныштық бергізсін. Осы жерде жарылып өлсек не болады?

Бүгінде Таразда базарлар арасында бәсеке қызып тұр. Осыдан екі жыл бұрын жергілікті билік аттай қалап шахар шетінен «Орталық базар» тұрғызды. Саудагерлер, «1,5 млрд теңгеге салынған сауда орнында адам қарасы аз. Сондықтан, қаптап кеткен қастандықтар ауыл берекеліктерді сонда көшіру үшін жасалып отыр», - дейді. Ал базарлардағы, бей-берекетсіздіктер жайлы жергілікті билік жұмған аузын ашпады. ІІД-нің де айтары болмады. Базар әкімшілігі де үн-түнсіз.

Ерлан Барлыбаев, Тараз қаласындағы «Ауыл Береке» базары директорының орынбасары:

Шағымданып кәсіпкерлер бізге күніге, шындығын айтайын, жол бермейді. Алдымыздан шығып: «не болды?» «қандай жағдай?» «тоқтатпайсыздар ма», «қашан біз тыныш жұмыс істейміз?» «қашан тыныш өмір сүреміз» деген көп әңгімелер алдымыздан шығып жатыр.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ