Қарағанды облысының Шахтинск қаласында
баспана үшін кәдімгі күрес басталды. Он шақты отбасы біріге жасақ құрып, сот
шешімі бойынша өздеріне тиесілі емес деп танылған пәтерлерін қорғауда.
Мына бейнедегі көрініс тұрғындардың
күнделікті күресі. Күн сайын олар топтасып, бір-бірінің үйін күзетеді. Мәселенің мәні мынада: Осыдан 10-15 жыл бұрын
азаматтар әкімдіктің келісім-қамқорлығымен қаңырап бос қалған үйлерді
паналаған. Осылайша, Шахтинск әкімшілігі сол кезде 100-ден астам көп қабатты
үйді қираудан сақтап қалды. Тұрғындар жаңа қоныстарын өз күштерімен қалпына
келтіріп, кейін жекешелендіріп аламыз деп үміттенген. Алайда құжат рәсімдеудің
соңы ұзаққа созылыпты. Тіпті дайын, құны еселеп қымбаттаған баспанаға қолында
меншік иесінің құжаты бар ескі қожайындар қайта келе бастаған көрінеді.
Наталья Коваленко, тұрғындар бастамашыл тобының мүшесі:
Олар, меншік иелері 16 жыл бойы төбе көрсетпей жүрді. Қаңырап қираудың алдында тұрған кезде ешкім болмаған, ал соттың
алдында олар бізді уақытша паналауға кіргіздік дейді. Қалайша?
Наталья Попова, тұрғындар бастамашыл тобының мүшесі:
12 жыл бойы үйлерімізді қалпына келтірдік. Енді
қожайыны келіп, менің меншігім дейді. Ал біз басып алушылармыз. Бізге бұл
үйлерді әкімдік берді. Біз неге бассыздықтың құрбаны болуымыз керек, неге
далада қалуымыз керек?!
Қарағанды мен Шахтинск қалаларында 250 отбасыға дейін
баспанасыз қалуы мүмкін. Қалалық соттар пәтерлерді босату жөнінде шешім
шығарды. Шахтинск әкімдігі жаңа тұрғындарға жақтасып жатыр. Олардың пікірінше, осы азаматтар меншік иесі деп танылуы тиіс еді. Ол үшін тиісті құжаттар сотқа
әзірленуде. Бұл үлкен жұмыстың тек басы, дейді әкімдіктегілер. Дерек бойынша
3000-ға жуық кеншілер бейресми пәтерлерде тұрып жатыр. Демек, бұл үш мыңдай
отбасы кейін далада қалуы мүмкін деген сөз. Әкімдік енді қаланың барлық
жылжымайтын мүлігінің құжаттарын тексеруді бастады.
Тамара Перова, Шахтинск қаласы ТКҚ Жолаушылар көлігі және
АЖ бөлімі басшысы міндеттерін уақытша орындаушы:
Заңдастыру мерзімі бойынша заңның 240-шы бабына өзгертулер еңгізілді. Пәтерде 7 жылдан астам уақыт тұратын азаматтар қажетті
құжаттарды жинап, баспананы заңдастырып алуына мүмкіндік бар. Алайда заң
пәрменсіз болып отыр. Бұл біздің азаматтарымыз және біз оларды қолдаймыз.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ