$533.61 €621.07 ₽6.78
×

БҚО әкімі: Шаршадым деп айтпаңдар!

AstanaTV
11.09.2014ж. 10:00
1514
БҚО әкімі: Шаршадым деп айтпаңдар!

Оралда 7 мыңнан астам жас жұмыссыз жүр. Олардың 3 мың 585-і - жоғары және орта арнаулы оқу орнын биыл бітіріпті. Осыған орай, облыс басшысы ЖОО басшылары мен жұмыссыз жүрген жастардың басын қосты.

«Жастар ресурсы орталығына» сәуір айынан бері жасы 30-ға толмаған 375 адам жұмыс іздеп келіпті. Күні бүгін олардың 103-і жұмысқа орналастырылған. Сондай-ақ, өзара әріптестік туралы 7 кәсіпорынмен меморандумға қол қойылыпты. Бірақ, өңір басшысы мұны жеткіліксіз деп шүйлікті.

Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

Шартты түрде жиналыс жасағанда біз меморандум жасадық деп айту үшін 7 компаниямен жасап қойған болды. 7 емес, 700 компания болуы керек. Әрбір компания бір-бір адамнан алғанның өзінде 700 адам жұмысқа орналасады. Сіздер шаршадым дегенді білмейтін болу керексіздер. «Шаршадым» деген сөз ол жастарға тіпті айтылмайтын әңгіме. Ұмыту керек жастар «шаршадым» дегенді. Былайша айтқанда, есіктен шығарып жатса, терезеден кір. Сөйтіп қана, өз орныңды табу керексің сен.

Жалпы, батыс өңірде 2014-жылға жастардың түрлі мәселелерін шешуді көздеген 54 әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылған. Бірақ екі қолға бір күрек іздегендер азаймаған.

Айта кетейік, бүгінде облыста жастардың үлес салмағы 167 мың 490-ды құрайды, бұл - облыстағы жергілікті халықтың 27 пайызы.

Еркін ҚАРИН