Барлық төлемдер - бір түбіртекте. Астаналықтар
енді коммуналдық қызметтер үшін біріңғай орталықта өтейді. Осылайша тұрғындар
ұзын сонар кезекке тұрып, босқа сабылудан арылмақ. Бастысы - тұтынушылар комиссия үшін
артық шығындалмайды. Қалалық энергетика басқармасының өкілдері бұл қызмет
көрсетушілерге де тиімді дейді. Алайда, жүйеге өтудің бірқатар қиындықтары да
бар. Жыл соңына дейін бұл мәселелер реттеле ме? Ләйла Қазиақпарова осыған жауап
іздеп көрді.
4 баланың анасы Мәдина Қожамқұлова ай сайын бума
бума қағаздарын құшақтап коммуналдық төлемдерді өтеуге шығады. Қаланың оңтүстік
шығысында тұратын ол, төлеу үшін бірнеше автобусқа отырып, тіпті біршама жерді
жаяу жүруге мәжбүр. Бір кезектен әрең өтіп, екінші түбіртегін қолдан тастамай,
қаланың басқа шетіне жүгіріп әлек.
Мәдина Қожамқұлова, тұтынушы:
Коммуналдық қызметтерді бір жерден төлесек, өте ыңғайлы болады деп ойлаймын. Өйткені біз жылуды, газды, мүлік салығын
барлығын әр жерде төлейміз. Сондықтан баламен жүргенде көбінде уақытым әр
жерге барумен өтіп кетеді. Кейде тіпті үлгермей қалам. Сондықтан ыңғайлы
жасауын сұраймыз.
Ал жұмыс бастылар уақыттың тығыздығынан
төлемдерді уақытылы жасауға үлгермей жатады.
Айнаш Қайырбекова, тұтынушы:
Жұмыс істейтін адамдарға барлық коммуналдық есеп
шоттарды бір жерде, бір квитанциямен төлеуге ыңғайлы. Уақытты да үнемдейсің.
Жұмыстан да сұранбайсың. Обедтің кезінде төлей салуға болады.
Бүгінгі таңда үш бірдей ірі оператор біріңғай
төлем орталықтары арқылы есеп айырыспай отыр. Олар газ, электр қуаты және
жылумен жабдықтайтын монополист компаниялар.
Ілияс Алдажаров, Астана қаласы энергетика
басқармасының басшысы:
Энергиямен қамтамасыз ететін монополист «Астана
энергосбыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі біріңғай төлем орталығымен
жұмыс жүргізуге үзілді-кесілді қарсы. Сәйкесінше осыған орай кішігірім
қиындықтар туындап отыр. Алайда жыл соңына дейін мәселені шешеміз.
Осы жылдың соңына дейін жүйеге салық комитеті де
қосылады деген жоспар бар. Демек барлық салық төлемдерін де бір түбіртек
бойынша төлеуге болады.
Ілияс Алдажаров, Астана қаласы энергетика
басқармасының басшысы:
Қазір салық комитетімен тығыз жұмыс жүргізудеміз.
Сондай-ақ, сақтандыру, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің төлемдерін де
астаналықтар бір орталықта төлесе деп отырмыз.
Барлық төлем операциялары біріңғай төлем
орталығында жүзеге асатындықтан, орталық мамандары қосымша абонент бөлімшелерін
ашуды жоспарлауда. Сондай-ақ, электронды терминалдардың да саны көбеймек.
Тимур Есенгелдин, «Астана ЕРЦ» ЖШС бас директорының
міндетін атқарушы:
Елбасының тікелей тапсырмасын іске асыру үшін
барлық коммуналдық төлемдерді бір түбіртек арқылы төлейтіндей мүмкіндікті
қарастырып жатырмыз. Жұмысты қолға алдық. Қазір Астанада біріңғай төлем
орталығының 5 бөлімшесі бар. Алдағы уақытта қосымша тағы 5 бөлімше ашамыз.
Тұтынушылар кез-келген сұрақ бойынша келіп, кеңес сұрай алады.
Айта өтейік, әзірге біріңғай төлем орталығы
арқылы суық су мен қоқыс шығару қызметі үшін төлем жасауға болады. Сондай-ақ,
қаладағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының 90 пайызы, бірыңғай орталықпен
бірлесе жұмыс істейді. Бүгінде компания өзінің дизайнерлік үлгісін де өзгертуді
ойластыруда.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА